ТҮРКІСТАНДА ӨТКЕН ЖЫЛЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА 906,5 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІ ӨНДІРІЛГЕН

Еліміздегі халқы ең тығыз қоныстанған өңірдің бірі – Түркістан облысы. Құрылыс қарқыны артқан аймақтардың бірі десе те артық айтқанымыз емес. Өйткені облыс орталығы күн сайын өзгеріп, көркі көз тарта түсуде. Бұдан бөлек, қоғамның сан түрлі саласы да қатар дамып келеді. Мәселен, экономиканың негізгі көрсеткіші – жалпы өңірлік өнім көлемінің өсімі 2020 жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға артқан. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2021 жылы Түркістан облысында атқарылған жұмыстар туралы баяндаған есебінде айтты.

 

Ауыл шаруашылығында да ауыз толтыра айтар жақсы жаңалықтар бар. Атап айтсақ өңірде аталған салада 906,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 101,7 пайызды құраған. Осы нәтиже арқылы облыс республикадағы үлесі бойынша екінші орынға табан тіреп отыр. Бұдан бөлек, аймақ басшысы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 315 жобаның қаржыландырылғанын да тілге тиек етті.
Облыс басшысы өңірдегі құрылыс қарқынының артқанына да тоқталды. Атап айтсақ, құрылыс көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 4,1 пайызға артқан. Сонымен қатар Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде қалыптастыру жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталып, әлеуметтік инфрақұрылымның негізі қаланғанын жеткізді. Оның айтуынша, облыстың 2021-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспары бекітілген.
Бұдан бөлек, Өмірзақ Шөкеев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, Сайрам ауданында жүзеге асырылған «Парасат» дискуссиялық клубы пилоттық жобасы туралы баяндады. Аталған жоба облыс, аудан, аймақтағы күштік құрылым басшыларының тұрғындармен кездесулерін, ашық әңгімелесулерін қамтамасыз етпек.
Өз кезегінде, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға бере отырып, қолға алынған жобаларды жалғастыруды және халықпен тығыз жұмыс істеу мәселесін күшейтуді тапсырды.