КҮЗДЕ КЕНТАУДА КІРПІШ ЗАУЫТЫ АШЫЛАДЫ

Осы жылдың күзінде Кентауда кірпіш зауыты іске қосылады. Қазіргі таңда өндіріс орнына қажетті қондырғылар мен құрал-сайманның барлығы түгенделіп жатыр.

Өндіріс ошағы қаладағы еркін экономикалық аймағында бой көтереді. Жобаны «Almaty NS Group» ЖШС жүзеге асырады. Кәсіпорынды салып, қажетті қондырғылармен қамтуға 1 млрд 720 млн теңге инвестиция құйылады. Өндіріс орны жылына 30 млн дана кірпіш шығаруға қауқарлы болмақ.
Бүгінде құрылысқа қажет материалдар жеткізіліп, болашақ өндіріске керек пеш пен қондырғыларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Кентауда ашылатын өндіріс орнындағы кірпіштің алғашқы легі осы жылдың күзінде шығарылады деп күтілуде. Зауыт жұмысын бастаса 50 адам жұмыспен қамтылатын болады. Бұл дер кезінде қолға алынған жоба болмақ. Себебі мамандар алдағы бірнеше жылда кірпіш өндірісі жылына 4-5 пайызға өседі деп болжап отыр.