СПОРТТА ҚАШАНҒЫ ЖҮЛДЕМЕН ЕМЕС, КИІММЕН МАҚТАНА БЕРЕМІЗ?
Аспан асты елінде алауы тұтанып, жалауы желбіреген XXIV Қысқы Олимпиада ойындарының өтіп жатқанына екі апта болды. Осы аптаның жексенбісінде қорытындыланатын байрақты жарыста қазақстандық спортшылар құр қол қайтуы әбден мүмкін. Ел намысын қорғайды деген сенімді арқалап кеткен 34 спортшымыздың әлі бірде бірі қоржынға жүлде салмады.
Жарыс басталған күннен бастап спортшыларымыз өрнекті ойын үлгісін көрсете де, жанкүйерлерін қуанта да алмады. Жарыстың алғашқы күнінде-ақ фристайл-могул ойыны бойынша жеңіс тұғырынан көрінуі мүмкін деген үлкен үміт күттіртіп отырған Юлия Галышева алғашқы айналымда сүрінбей, келесі кезеңде 11-орыннан көрініп, медальсыз қалды. Осыдан төрт жыл бұрынғы Қысқы Олимпиада ойындарында қола медаль алған Галышева осы жарыста медальдан құр алақан қалуын ресми жаттығуларды жіберіп алуымен түсіндірді. Бұған коронавирусқа тапсырған ПТР сынамасы нәтижесінің кеш келуін себеп деп тапты. Медаль түгіл алғашқы ондыққа да іліге алмаған Галышева осылайша Олимпиада ойындарында жанкүйерлеріне ақталудан артық ештеңе тарту ете алмады.
Тау шаңғысы бойынша өнер көрсеткен спортшыларымыз да жүлдесіз. Дәл осылай боларын мамандар жанкүйерлеріне алдын ала ескерткені есімізде. Және мұны карантиндік шектеулерге байланысты спортшылардың көп жарыстарға қатыса алмауымен байланыстырған.
Шорт-тректен жанкүйерлердің сенімін ақтайды деген Әділ Ғалиахметов 8- орынға жайғасты. Жүлделі орыннан көрінбесе де ол бұл нәтижесін үлкен жетістікке балайды. Оған негіз ретінде Қазақстанда спорттың бұл түрі бойынша жаттығуға жағдай жасалмағанын, сондықтан Ресейдің Уфа қаласында шынығатындарын алға тартқан. Спорттың осы түрінен ел намысын қорғаған спортшымыз Денис Никиша қарсыластарына есе жіберіп, ойсырай жеңілгенін де айта кетейік.
Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындарында фристайл-акробатикадан құр қол қайтпайды деп сенім артылған Жанбота Алдабергенова мен Ақмаржан Қалмырзаевалар да қоржынымызға медаль сала алмады. Алғашқысы екінші іріктеу кезеңіне өте алмаса, екіншісі финалдың екінші мүмкіндігінде жарыстан шет қалды. Сонымен қатар фристайл-акробатика бойынша тағы бір отандасымыз Шерзод Хаширбаевқа да сәттілік серік болмады. Ол екінші іріктеу кезеңіне өте алмай жарыс жолын аяқтады.
Жарыстың аяқталуына да санаулы күн қалды. Аз уақытта қазақстандық спортшыларымыздың бағы мен бабы қатар шауып, жеңіс тұғырынан көрініп жатса жақсы. Дегенмен де осы күнге дейінгі нәтижелерді талдап, құр қол қайтуы да мүмкін деген болжамды шетке ысыра алмаймыз.
Жасыратыны жоқ елімізде қысқы спорт түрі кенжелеп қалған. Бірақ сарапшылар жеме-жемге келгенде спортшылардың бірінен соң бірі сүріне беруіне осы салаға бөлініп жатқан миллиардтаған қаржының мақсатты жаратылмауынан деп топшылайды. Оның үстіне инфрақұрылымның жоқтығы да жығылғанға жұдырық болып отыр. Бұл бағытта тиісті құрылыс жұмыстарын жүргізуге жауапты комитет құлық танытпай келе жатқаны қашан. Салдарынан жаһандық жарыстардан спортшыларымыздың жүні жығылып келеді.
Айта кетейік, Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындарына әлемнің 95 елінен төрт мыңнан астам спортшы бақ сынауда.
Айтпақшы, дәл осы жаһандық жарыс қарсаңында халықаралық Олимпиада комитеті Бейжіңге баратын ұлттық құрама спортшыларының киім үлгісін бас бармақпен бағалағанын жарыса жазып, марқайып кеткен едік. Киімнің адам денесіне қонымды болғаны жақсы ғой. Бірақ қашанғы киіммен мақтана береміз?! Себебі спортта киіммен емес, нақты нәтижемен кеуде керу керек қой.