ЖАЛДАМАЛЫ ПӘТЕРДІҢ ЖАРТЫ АҚШАСЫН МЕМЛЕКЕТ ҚАШАН ТӨЛЕЙДІ?

Бұған дейін елімізде ай сайынғы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен  төмен азаматтардың үйді жалдау құнының 50 пайызын мемлекет төлеп отыратыны туралы айтылған. 

Бұл жоба бойынша азаматтардан өтініш қабылдау ағымдағы жылдың 15-сәуірінен басталады. Жалдамалы баспананың субсидиясына өтініш жолдау үшін арнайы цифрлық платформа жұмыс істейтін болады. Жалдамалы баспанаға мемлекет тарапынан субсидия төлеу бойынша тиісті санаттағы азаматтардан өтініш қабылдау бойынша пилоттық нұсқа 15-наурызда іске қосылады.
Мемлекет тарапынан төленетін субсидияға баспана кезегінде тұрған көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар, бірінші, екінші топтағы мүгедектер, ата-атанасының қарауынсыз қалған балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» атағын алған баспанасыз отбасылар ие бола алады.
Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың сөзінше, бұл жоба бойынша іске қосылатын платформа электронды цифрлық қолтаңбамен өтініш беруді және өтініш берушінің талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексереді. Және тексеру цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, әділет министрлігі, мемлекеттік кірістер комитеті, білім және ғылым министрлігі, еңбек министрліктерінің мемлекеттік базаларымен интеграциялау арқылы іске асырылады.
Сонымен қатар аталған жоба бойынша мемлекет тарапынан берілетін субсидияға ие азаматтар өздерінің жақын туыстарынан пәтерді жалға ала алмайды. Жалдамалы пәтердің аумағы отбасындағы адам санына қарай бекітіледі.
Тиісті ведомства аталған жобаның игілігін 70 мың отбасы көретінін алға тартады. Бұл үшін қазынадан 50 млрд теңге қаралады. Бұл қаражат жыл сайын баспана кезегінде тұрған адамдар санына байланысты өзгеруі мүмкін.