ҰРЛАНҒАН ҚАРУЛАРДЫҢ ТЕК ҮШТЕН БІРІ ТАБЫЛҒАН

Елімізде қаңтар оқиғасына қатысты 3070 қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде ұрлық, тонау, бұзақылық, қару ұрлау және басқа да 2710 қылмыстық істі ішкі істер органдары тергеп тексеруде.

 

Ал құқық қорғау органдары қызметкерлерінің лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны туралы азаматтардың шағымдары бойынша қозғалған 173 қылмыстық істі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қарауда. Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитеті болса мемлекетке опасыздық жасау, өкілеттіктерді асыра пайдалану және билікті басып алуға әрекет ету бойынша қозғалған 15 қылмыстық істі қарауда. Одан өзге арнаулы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздіктер мен терроризм актілері бойынша 179 істі тексеруде.
Бұл туралы еліміздің Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетов мәлімдеді.
Қадағалаушы орган басшысы қаңтардағы бүлік кезінде қызметтік ғимараттарды тастап кеткен күштік құрылымдар органдарының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу бөлек жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ол осындай әрекеттердің салдарынан Алматы қаласында, Алматы және Жамбыл облыстарында құқық қорғау органдарының арсеналындағы 1 500-ден астам қару қылмыскерлердің қолына түскенін мәлімдеді.
Жалпы алғанда, қаңтар оқиғасы кезінде 3 388 қару, оның ішінде 10 аңшылық дүкенінен 1 629 мылтық ұрланған екен. Бүгінге дейін ұрланған қарулардың тек үштен бірі немесе 967-сі ғана табылған. Қазіргі таңда қаруларды іздеу және қайтарып алу жұмыстары жалғасуда.

«Уақыт».