МӘЖІЛІС ЖҰРТТЫҢ ЖОҒЫН ЖОҚТАЙ МА ӘЛДЕ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ДЕГЕНІН ҚАЙТАЛАЙ МА?
Мақтау, мадақтау сөздері мүлде жоқ ортада өстім. Мен мұндай жағдайларды қолдамаймын. Мақтау сөздерге табиғи иммунитетім бар дей аламын. Бірақ біздің кейбір зиялы қауым өкілдерінің көзқарасын өзгерту оңай емес. Əрине, олар мүлде басқа ортада өсті. Мақтау сөздер мен мадақтың еш қажеті жоқ.
Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Хабар» арнасына берген сұхбаты кезінде «Мадаққа қалай қарайсыз?» деген сұраққа берген жауабы осындай болатын.
Алайда Президенттің бұл ескертуін жалпақшешейлікті, жағымпаздықты жаны сүйетіндер қаперіне алып отырған жоқ сыңайлы. Неге?
Естеріңізде болса, ағымдағы жылдың 11-қаңтарында Парламент Мәжілісінің отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жасаған мәлімдемесінде жаңадан тағайындалған Үкімет басшысына бірнеше тапсырмалар беріп, баршаны «Жаңа Қазақстанды бірге құруға!» шақырған болатын. Сол уақыттан бері өткен бір айдан аса уақыт ішінде ел алдында жүрген көп азамат «Жаңа Қазақстанның» құрылатынын, бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың білімі де, білігі де жетерлік екені туралы ақжарма тілектерін айтудан жалықпай келеді.
Президенттің «Жаңа Қазақстанды құрайық!» деген сөзінің астарын әркім әрқалай түсінетіні белгілі. Бірі мұны кадрлық ауыс-түйіс деп қабылдаса, енді бірі Президенттің бұл ұран сөзінің астарында сыбайлас жемқорлық сап тиылған, барлық салада атқарылған жұмыстар құрғақ сандармен емес, нақты нәтижелермен көрсетілген, әлеуметтік теңгерімсіздік жойылып, жерді абатты, халықты ауқатты болуға бастайтын қадамдар жасайтын уақыт келді деген ұғым іздейді. Бұл дұрыс. Қайткен күнде де «Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!» деген сөз орамында дамыған елдермен тереземізді тең етуге апаратын іс-әрекеттердің барлығы жасалуы тиіс және оны әрбір қазақстандық өзінен бастауы қажет деген түсінік сыйып жатқаны анық.
Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін барлық нәрсенің өз атына сай болуы тиістігі айтпаса да түсінікті. Сонымен қатар әрбіріміздің өзімізге жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарудың да маңызы зор. Бірақ біздің қоғамда Президенттің алға қарай жылжуға ұмсындырған бұл сөзін ұстын емес, жаңғырық етудің маңызы қанша? Бұлай деуімізге не себеп?
Осыдан бірнеше күн бұрын дәлірегі 9-ақпанда Парламент Мәжілісінде «Жаңа Қазақстан» деп алаталын депутаттық топ құрылатыны айтылды. Оның құрамына Төменгі палатадағы 31 депутат кірмекші екен. Депутат Айдос Сарымның сөзінше, аталған топ Президенттің модернизация жөніндегі бастамаларын қолдау, Мәжілістің күшін арттыру және аймақтағы өкілетті органдардың жұмысын жандандыру мақсатында күш біріктіруді көздеп отырған көрінеді. Осы тұста дәл мұндай мақсатта жұмыс істеу үшін Мәжілісте отырғандарға депутаттық мандаттың өзі жеткілікті емес пе деген сұрақ туындайды. Әлде мәселенің шешімін табу үшін міндетті түрде үй ішінен үй тігу қажет пе?
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Президенттің Жаңа Қазақстанды құру туралы бастамасы ең алдымен Парламент қабырғасынан басталуы тиістігін алға тартады. Соған сәйкес Мәжілісте құрылатын «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы қоғамдағы ең өзекті мәселелерді дер кезінде Парламент төрінде көтеріп, тұрғындардың мұң-мұқтажын дер кезінде шешуге атсалыспақ. Үкіметпен бірлесіп адами капиталды дамытады. Және халықтың жағдайын жақсартатын заң жобаларын дайындауға, сайлаушылармен тығыз қарым-қатынас орнатуға екпін түсіреді. Халық қалаулысы ретінде Мәжілісте отырғандардың арқалаған жауапкершілігі де осы емес пе? Халықтың көкейіндегісін тап басып төрдегілерге жеткізеді деген депутаттар сонда осы уақытқа дейін ең өзекті мәселелерді көтеруіне депутаттық топтың болмауы қолбайлау болған ба екен?
Қайткен күнде де Мәжілістің атқарар міндетінен бір мысқал емес «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобын құрудағы мақсат не? «Осындайда мақтау деген не осы? Ол не айтарыңды білмегенде айтылатын сөз» деген афоризм еске түседі екен. Шынымен де Мәжілісте отырған депутаттардың «Жаңа Қазақстан» деген депутаттық топ құруы мемлекет басшысына қандай мадақ, мақтау айтуды білмей дал болғандардың әрекетіне көбірек ұқсайды. Ал сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
Ж. БАЛАУСА.