ЕЛІМІЗДЕГІ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ ҚАНДАЙ?

Қазақстанда су тапшылығы жылдан жылға күрделеніп келеді. Елдегі өзен-көлдердің тартылуы, климаттық өзгерістер және су көздерінің ластануы халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуді қиындатуда. Су тапшылығының негізгі себептері – табиғи су қорының шектеулі болуы, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында судың көп мөлшерде пайдаланылуы және инфрақұрылымның жеткіліксіздігі. Әсіресе, ауылдық жерлерде халықтың таза ауыз суға қолжетімділігі төмен. Сонымен қатар, кейбір аймақтарда өзендер мен көлдердің ластануы су сапасына кері әсерін тигізеді.
Бұл мәселені шешу үшін суды үнемдеу, жаңа су көздерін игеру, тазарту жүйелерін жетілдіру және инфрақұрылымды дамыту қажет. Бұл тұрғыдан келгенде, қолға алынып жатқан шаралар аз емес. Нәтиже де жақсы. Елімізде қала тұрғындарының — 99,4, ал ауыл халқының 97,8 пайызы сумен жабдықтау қызметімен қамтамасыз етілген. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс Құрылыс министрлігі және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков айтты. Сонымен қатар «Мемлекет басшысы 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылдың соңына дейін барлық қала мен ауылды сапалы ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету тапсырмасын берген болатын. Аталған тапсырманы орындау аясында бюджеттен 1 трлн теңгеден астам қаражат бөлінді» деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның атап өтуінше, қаражат ең бірінші тұрғын саны ең көп елді мекендерге бөлінеді. Жалпы ауыз сумен ең төмен қамтылу деңгейі Абай облысы мен Қостанай облысы ауылдарында байқалады. Биыл бұл жұмысты жалғастыруға бюджеттен 410 жобаға 176 млрд теңге қарастырылған. Комитет басшысының сөзіне қарағанда, тұрғындар саны аз елді мекендерде бюджет қаржысын тиімді пайдалану үшін су тазалайтын кешенді блок-модульдер орнату көзделген. Дегенмен 199 ауылдың тұрғындары ұңғымалары мен құдықтары болғандықтан, мұндай қондырғы орнатқызудан бас тартып отыр. Сондықтан да аталған елді мекендерде әкімдіктер санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен бірлесіп, зертханалық зерттеулер жүргізу үшін судан сынама алып отырады.