ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫ ҚАЙ ЕЛДЕРДЕН КӨП КЕЛЕДІ?

Қазіргі жаһандану дәуірінде еңбек миграциясы әлемдік экономиканың ажырамас бөлігіне айналды. Көптеген адамдар жақсы жұмыс пен жоғары жалақы іздеп, өз елдерінен басқа мемлекеттерге қоныс аударуда. Еңбек мигранттары экономиканың түрлі салаларында жұмыс істеп, қабылдаушы елдерге де, өз отандарына да пайда әкеледі. Еңбек миграциясының негізгі себептері – жұмыссыздық, жалақының төмендігі, әлеуметтік жағдайдың нашарлығы және кәсіби мүмкіндіктерді кеңейтуге деген ұмтылыс. Көбіне дамушы елдердің азаматтары дамыған елдерге барып, құрылыс, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету салаларында еңбек етеді.

Дегенмен еңбек мигранттары көптеген қиындықтарға тап болады. Олар заңсыз жұмыс істеу, төмен жалақы, әлеуметтік қорғаудың болмауы және жергілікті халықпен мәдени айырмашылықтар сияқты мәселелерге кезігеді. Осыған байланысты халықаралық ұйымдар мигранттардың құқықтарын қорғау үшін түрлі шаралар қабылдауда. Осы орайда, 1 наурыздағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 13 584 шетел азаматы еңбек етеді. Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 569 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 514 рұқсат (екінші санат). Тартылған шетелдік жұмыс күшінің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады. Тиісінше, олар — 4 711 және 1 010 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 217 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 563 адам тартылған. Қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 744 жұмыс беруші бар. Оларда 377,6 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл — қызметкерлердің жалпы санының 96,5 пайызы.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында — 5 052 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы — 1 296 адам, өңдеу өнеркәсібі — 1 281 адам, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу — 1 263 адам, әкімшілік және көмекші қызметтер — 975 адам. Еңбек мигранттары келетін негізгі елдерге келсек, Қытай — 4 945 адам, Үндістан — 1 169 адам, Түркия — 1 165 адам, Өзбекстан — 1 056 адам. Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2025 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,2 пайыз немесе 14,8 мың мөлшерінде белгіленді.