АГРАРЛЫҚ САЛАНЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЖОҒАРЫ

ал көрсеткіштер нені меңзейді?
Қазақстан – ұлан-ғайыр жері бар, ауыл шаруашылығына қолайлы мемлекет. Еліміздің экономикасында бұл сала маңызды орын алады, өйткені аграрлық сектор халықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық табыс көзіне де айналып отыр. Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға оның табиғи-климаттық жағдайлары, кең жайылымдары мен құнарлы жерлері үлкен мүмкіндік береді.
Қазақстанның ауыл шаруашылығы өсімдік және мал шаруашылығынан тұрады. Еліміз — әлемдегі ең ірі астық өндіруші мемлекеттердің бірі. Әсіресе, солтүстік өңірлерде бидай, арпа, сұлы сияқты дақылдар кеңінен өсіріледі. Қазақстандық бидайдың сапасы жоғары болғандықтан, ол әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие. Сонымен қатар, елімізде майлы дақылдар, көкөністер мен жемістер де өсіріледі. Бұдан бөлек, Қазақстанда төрт түлік өсіру — ежелден келе жатқан кәсіп. Мал шаруашылығының дамуына кең жайылымдар мен табиғи ресурстар зор мүмкіндік береді. Елімізде ет, сүт өнімдерін өндіру жақсы жолға қойылған. Қой шаруашылығы, жылқы шаруашылығы және түйе шаруашылығы дамып, ішкі және сыртқы нарыққа экологиялық таза өнімдер жеткізілуде. Жалпы Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті өте жоғары. Оған бірнеше факторлар әсер етеді. Біріншіден, жер ресурсы жеткілікті. Бұл астық егу мен мал өсіру үшін үлкен мүмкіндік. Экспорттық әлеует те жақсы. Қазақстан бидай, ұн, ет өнімдерін шет елдерге шығарады. Әсіресе, Орта Азия, Қытай, Ресей, Иран және Еуропа елдері қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне қызығушылық танытады. Сонымен қатар Қазақстанның ауыл шаруашылық өнімдері химиялық тыңайтқыштар мен пестицидтерді аз қолданғандықтан, табиғи таза болып есептеледі.
Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы үлкен мүмкіндіктерге ие. Дұрыс саясат жүргізіліп, жаңа технологиялар мен инновациялар енгізілсе, еліміз аграрлық державаға айналуы мүмкін. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қаржыландыру, жаңа нарықтарға шығу және ауыл еңбеккерлеріне қолдау көрсету жұмыстары жалғасын тапса, бұл сала Қазақстан экономикасының маңызды тірегіне айналады. Ауыл шаруашылығын дамыту – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, экономиканы әртараптандырудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың басты жолдарының бірі. Сондықтан бұл саланы өркендету – Қазақстанның болашағы үшін маңызды міндет. Осы орайда, жуырда Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын кеңейту бойынша қабылданып жатқан шаралар талқыланды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 51 пайызға артып, 5,1 млрд АҚШ долларына жеткенін хабарлады. Экспорт аумағы 66 мемлекетті қамтып, өңделген өнімдердің үлесі 52 пайызды құрап отыр. Негізгі нарықтар қатарына Орталық Азия елдері, ЕАЭО, Иран, Түркия, Қытай және ЕО елдері кіреді.
2024 жылы ауыл шаруашылығы өнімдері экспорты 5,1 млрд АҚ долларын құрады. Табиғи көрсеткіш бойынша өсім 3,9 пайызға, ал көлемі 16,1 млн тоннаға жетті. Негізгі экспортталатын тауарлар қатарында бидай, арпа, зығыр тұқымы, сиыр және қой еті, мұздатылған балық, бидай ұны, күнбағыс майы, газдалған су, мақта талшығы және басқа да өнімдер бар. Жиында астық экспорты мәселелеріне ерекше назар аударылды. 2024 жылы экспорттың жалпы көлемі 8,1 млн тоннаны құрады. 2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың 18 наурызына дейін Орталық Азия елдеріне, Қытай, Ауғанстан және Еуропа елдеріне 6,3 млн тонна жаңа өнім экспортталды. Оның ішінде Иранға сәйкес кезеңде 741 мың тонна (17 есе өсті), Әзербайжанға – 408 мың тонна өнім жөнелтілді. Айта кету керек, бұл — қазақстандық астықты Әзербайжанға жеткізудің соңғы 5 жылдағы ең жоғары көлемі. 2023 жылдың қыркүйегінен 2024 жылдың ақпанына дейін астық тасымалы небәрі 4 мың тоннаны құрады.
Қайта өңделген өнім экспортының көлемі 14,9 пайызға артып, 2,7 млрд долларды құрады, бұл ретте экспорттың жалпы көлеміндегі қайта өңделген өнім үлесі 42 пайыздан 52 пайызға дейін өсті. Экспортталатын өнімдерге өсімдік майы, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, шұжық өнімдері, сиыр және қой еті кіреді. Елімізде күнбағыс майы өндірісінің қарқынды өсу жылдамдығын және майлы дақылдар алқаптарының ұлғаюын ескере отырып, Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне күнбағыс тұқымын өндірушілерді қолдау үшін мүмкіндіктер қарастыруды тапсырды.
Өсімдік шаруашылығы өнімдерін ілгерілету мақсатында Қазақстан Әзербайжан, Түркия, Иран, Қытай және ТМД елдерімен өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер жасасты. Қытайға экспорттаушылар тізілімінде мақсары, бұршақ, жасымық және рапс жеткізетін 2,4 мыңнан астам қазақстандық кәсіпорын тіркелген. 2025 жылы Қытай нарығына қызылша целлюлозасы, 2026 жылы күріш, маш, мақта және бақша дақылдарын шығару жоспарланып отыр. ШҚО-да биылғы бірінші жартыжылдықта қытай тарапы салған, халықаралық стандарттар бойынша аккредиттелген ауыл шаруашылығы өнімдері сапасын тексеру зертханасы іске қосылады деп күтілуде. Бұл қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайға экспорттауды едәуір жеңілдетеді.
Талқылаудың басты тақырыбы – ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Россельхознадзор және басқа елдермен екіжақты өзара іс-қимыл нәтижесінде, Қазақстанның бірқатар өңірінен аусыл және құс тұмауы бойынша шектеулер алынып тасталды. Бұл Армения, Қытай, Ресей және Беларуске ет және ет өнімдерін экспорттауды қайта бастауға, сондай-ақ Түркияға мал шаруашылығы өнімдерін жеткізуге мүмкіндік берді. Жиында жылқы еті мен тауық еті өндірісінің қарқынды өсіп келе жатқан көлемін ескере отырып, ет түрлерін экспорттау мүмкіндіктері де талқыланды. «Біздің елімізде жылқы етін өндіру бүгінде халықтың сұранысын толық қанағаттандырып отыр. Ірі құс фабрикалары салынып, олар таяу жылдары тұрғындарымыздың құс етіне деген сұранысын қанағаттандырады және экспортқа қажеттілік мәселесі туындайды. Біз қазірден бастап аталған өнім түрлерін экспорттау үшін әлеуетті бағыттарды қарастыруымыз керек» деді Премьер-министрдің орынбасары.
Мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау ауқымын кеңейту шеңберінде экспорттаушылардың шетелдік тізілімдеріне енгізілген кәсіпорындар санын ұлғайту бойынша тиісті шаралар қабылданып келеді. Үшінші елдердің тізілімінде 324 кәсіпорын, ЕАЭО елдерінің тізілімінде 3,1 мыңнан астам кәсіпорын тіркелген. Кеңес соңында Серік Жұманғарин бірқатар ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша экспорттық-импорттық операцияларға шектеулерді алып тастау және қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу үшін экспорттың жаңа бағыттарын пысықтау жұмыстарын жеделдету үшін қытай тарапымен өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырды.