ҚЫРЫҚҚАБАТ ӨСІРГЕНДЕРГЕ ҚОЛДАУ БОЛАДЫ
Жұрт сәуір айында көктемгі егіс науқанына қызу кірісіп кететіні белгілі. Бұл уақытта диқанның көпшілігі бел бүгіп, егін егуге кіріссе, енді бірі қаңтарда еккен қырыққабаттың алғашқы өнімін жинауға кірісіп кетеді.
Оның жарқын мысалы жыл сайын Мақтаарал, Жетісай аудандарында анық көрінеді. Алайда шаруалардың жинаған өнімін сату және өткізу мәселесі әрдайым оңай шешіле бермейді. Мәселен, пандемия басталған 2020 жылы өнімнің бұл түрін сатуда бірқатар кедергілер орын алған. Салдарынан оның бағасы күрт төмендеп, шаруалар шаш етек шығынға батпаса да, табан ет, маңдай терлері ақталмай, көп пайдадан қағылған. Биыл диқандардың көңілін пәс ететін мұндай мәселелерді болдырмас үшін жауапты мамандар әзірден бастап нақты шараларды қабылдауда.
Осы аптада Мақтаарал ауданына Қостанай және Павлодар облыстарынан арнайы делегация келді. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Абенов және Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Утешов бастаған делегация Мақтаарал ауылдық округіне қарасты қырыққабат өсірудің қыр- сырын жетік меңгерген Есентаев ауылының шаруалармен кездесіп, өнімнің өткізу нарықтарын айқындау мақсатында арнайы мәжіліс өткізді.
Жиынға тиісті облыстық басқарма басшылары, ірілі-ұсақты кәсіпкерлер, шаруалар қатысты. Делегация мүшелері Мақтаарал ауданының қырыққабат өнімдеріне деген сұраныс солтүстік өңірлерде жоғары екенін айтып, өздерінің қызығушылықтарын танытты.
Қостанай облысы әкімінің орынбасары А.Абенов қырыққабат дақылын сатып алу шарттарын ұсынып, жергілікті шаруалардың аталған шартқа деген көзқарастарын нақтылады. Жиында түрлі ұсыныс-пікірлер айтылып, шаруалар қырыққабат өнімі дайын болған кезде қосымша келісім жүргізетіндерін бірауыздан хабарлады.