ЖҮРДЕК ПОЙЫЗДА ӘЙЕЛДЕРГЕ АРНАЛҒАН ВАГОНДАР САНЫ АРТАДЫ
Өткен жылдың қазан айында елімізде «Алматы — Маңғыстау» және «Алматы-1 – Өскемен» жолаушылар пойыздарында әйелдерге арналған вагон қызметі іске қосылған болатын. «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы мұндай жобаны сервис деңгейін арттыру үшін қолға алған. Былтыр 10-қазаннан бастап 31-желтоқсанға дейін аталған бағыттағы жүрдек пойыздардағы бұл вагондардың қызметін барлығы 13 243 жолаушы әйел пайдаланған. Яғни сұраныс бар. Осыған орай «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы ағымдағы жылдың 1-ақпанында әйелдерге арналған вагондар санын арттыру туралы шешім қабылдады.
Жаңа шешімге сәйсек, енді әйелдерге арналған жолаушылар пойызының саны алтыға артады. Олар «Павлодар-Шымкент», «Нұр-Сұлтан-1-Шымкент», «Маңғыстау-Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол-Семей», «Нұр-Сұлтан — Нұрлы жол-Атырау», «Алматы-2-Орал», «Алматы-2-Жезқазған» жолаушылар пойызы. Бір айта кетерлігі әйелдерге арналған вагондарда 7 жасқа дейінгі ұл бала үшін де билет рәсімдеуге болады.