САТЫП АЛУЛАРДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ИІСІ МҮҢКІП ТҰР

Аптаның сейсенбісінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен  Ақордада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңес өтті. Жиында Президент елімізде жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жою шаралары қолға алынғанымен, нәтиже көңілден шықпайтынын жасырып жаппады. Қасым-Жомарт Тоқаев  жемқорлықтың тамырына балта шаппай нағыз құқықтық мемлекет деген мәртебеге ие болмайтынымызы қадап айтты. Ол үшін не істеу керек?

Мемлекет басшысы әуелі сыбайластықпен күрес жүргізу үшін елімізде бірнеше маңызды қадамдар жасалғанына тоқталды. Оның сөзінше, соңғы үш жылда Қазақстанда 174 судья жұмыстан шығарылған немесе лауазымы төмендетілген. Жаңадан құрылған әкімшілік соттарға алты ай ішінде 14 мың талап-арыз түскен. Соның тең жартысына қатысты шешім талапкерлердің пайдасына шешілген. Өткен жылдың өзінде прокурорлар 3,5 мыңға жуық адамның қылмыстық процеске негізсіз тартылуына жол бермеген. Мұндай нәтижеге қылмыстық процестің үш буынды үлгісін тәжірибеге енгізу негізінде қол жеткізілген.  «Қала құлар, әдет қалар». Бір рет сыбайластыққа барған адам, оны екінші рет қайталауы әбден мүмкін. Соған сәйкес елімізде жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Тиісінше соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға қолданылатын жаза қатаңдатылды.

Президент осы қадамдардың арқасында  жемқорлық  деңгейі біршама төмендегенін, бірақ арқаны кеңге салу әлі тым ерте  екенін ашық айтты.

Кеңес отырысы кезінде мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласы сыбайлас жемқорлыққа әбден шырмалғанын, бұл үшін министрлік пен әкімдерден жауап алынуы тиістігін тілге тиек етті. Сөзінің дәлелі ретінде былтыр ауыл шаруашылығындағы субсидияларға байланысты анықталған жемқорлық әрекеттерді еске түсірді.

Бұл туралы Президент:

– Кейінгі бес жылда мемлекет аграрийлерді қолдау үшін екі триллион теңге бөлді. Осы уақыт ішінде аталған салада 960 қылмыстық іс тіркелген. 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батуда, — деді.

Жеке басының қамын күйттеген жемқорлардың кесірінен мемлекетке келген зиян шаш етектен асқан. Азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келген. Мұны бір деңіз. Жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жаратылмай, ұстағаның аузында, тістегеннің қолында қалып қойған.

Жергілікті атқарушы орган мен салаға жауапты басшылар ауыл тұрғындарына не қажет екеніне бас қатырмаған. Оған кейбір өңірлерде шаруаларға субсидия ретінде күн батареяларының берілуі негіз болады. Бір қызығы субсидияларды игеру көрсеткіші өз деңгейінде деген статистика жасау үшін алынған күн батареяларының бағасын өзіндік құнынан қымбаттатып көрсеткен.

Мұны алға тартқан Президент «Осындай былықтарға жол бергені үшін министрлік пен әкімдер жауап беруі керек» деп шегеледі.

Одан өзге Президент құқық қорғау органы қызметкерлері сыбайлас жемқорлықтың белең алуына  қатысты  себептер мен жағдайларға назар аудармағынын, олар тек пара алушыларды қылмыс үстінде ұстап, түрмеге тоғытып отырғанын атап өтті.

Кеңес отырысы кезінде Президент Салық және кеден саласында да көлеңкелі жағдайлар өте көп екеніне нақты негіз келтірді. Мәселен, өткен жылы Қытай-Қазақстан арасындағы сауда-саттық бойынша статистикалық мәліметтер екі түрлі. Бұл туралы Президент «Қытаймен өзара сауда-саттық туралы екі елдің статистикалық мәліметтері екі түрлі. Олардың арасында миллиардтаған доллар айырмашылық бар. Былтыр бұл көрсеткіш 5,7 миллиард долларға жетті. Мұндай үлкен айырмашылық қалай пайда болғанын ешкім түсіндіріп бере алмайды. Ашығын айтқанда, бұл – контрабанда», — деп, көлеңкелі бизнестен шекесі шылқып отырғандарды жоюды шегеледі.

Қасым-Жомарт Кемелұлы кеденде келеңсіздіктің көп екенін кәсіпкерлер де растап отырғанын атап өтті. Жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша шетелмен сауда жасайтын адамдардың 90%-і жемқорлықпен бетпе-бет келген екен. Оның ішінде 45 пайызы кеденшілерге пара беруге мәжбүр болған.

Сонымен қатар Президент елімізде 49 көліктік бақылау бекеті бар екенін, өкінішке орай ондай бекеттердің бірқатарын  оңай олжаға кенелуді ар көрмейтіндер май шелпекке айналдырып алғанын да  айтты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысындағы үш көліктік бақылау бекетінде жемқорлықтың тамыры тереңге кеткенін анықтағанын мысал ретінде келтірді.  «Салдарынан көліктік бақылау саласындағы парақорлық транзиттік әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр»,- деп қынжылды Президент.

Сыбайлас жемқорлықты түп тамырымен құрту үшін сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың тұтас жүйесін қайта қарау қажет.

Бұл мемлекет басшысының кеңесте айтқан кезекті тапсырмасы. Қасым-Жомарт Кемелұлы тендерде кімнің асығы алшысынан түсетіні алдын ала белгілі болып тұратынын алға тарта отырып, бұл бағытта да былық жетерлік екенін жеткізді.

«Қазір сыбайлас жемқорлықты нақты жоюдың орнына, процесті бюрократияландыру жүріп жатқанын көріп отырмыз. Тапсырысты орындаушыны таңдауға бірнеше ай кетеді, бірақ бәрібір сапа мен адалдық жетіспейді. Қолданыста бар нормативтік сүзгілерге қарамастан, қандай тендер болсын, оны кім жеңетіні көбіне белгілі болып тұрады»,-деді.  Тоқаев сөзінің жаны бар. Мысалы, екі жылда  «Қазавтожол» техникалық қадағалау қызметі 99 сатып алу конкурсын өткізген екен. Олардың тең жартысын үлестікке қатысы бар төрт компания жеңіп алған.

Осыларды алға тартқан Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік сатып алуларға төрт құбыласы тең, тиісті техникасы түгел, білікті жұмысшылары жетерлік, салықтан жалтармайтын  өндірушілер қатысуы керек екенін мәлімдеді.

Қазақстан жемқорлықтың құрсауында тұрғанын сарапшылар да анықтап отыр. Transparency International халықаралық ұйымының дерегінше жыл сайынғы сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша Қазақстан 180 орынның ішінен 102-орынға тұрақтап, өткен жылмен салыстырғанда бірден 8 сатыға төмендеген.