СҰҒАНАҚТАРДЫҢ 85 ПАЙЫЗЫ ЖҰМЫССЫЗ

Өткен жылы Қазақстанда «Ұрлық» бабы бойынша барлығы 57,5 мың қылмыстық іс қозғалған. Қозғалған істердің саны 2020 жылмен салыстырғанда 14,5 пайызға аз. Өзгенің меншігендегі дүниені үптеп кетуге барған азаматтардың саны 21,6 мыңға жетеді. Олардың 85 пайызы жұмыссыздар екен.

Бұл туралы   energyprom.kz мәлімдейді.

Былтыр «Ұрлық» бабы бойынша тіркелген қылмыстық істердің 5,2 мыңы пәтер, 1,2 мыңы қалта ұрлығына байланысты болған. Ұялы телефонды ұрлаудың 13,5 мың жағдайы тіркелген. Одан өзге 4 мың көлік, 889 түсті металл ұрлығы орын алған.

Ұрлық қылмысының ең көбі Алматы қаласында тіркелген. Республика аумағында тіркелген барлық ұрлықтың 20,8 пайызы дәл осы алып мегаполисте жасалған. Одан кейінгі екінші, үшінші орында  елорда (5,4 мың жағдай)  және Алматы облысы (4,9 мың жағдай) тұр. Ұрлық дерегінің ең азы Маңғыстау облысында байқалып отыр.

Тіркелген қылмыстардың  51,9 мыңы жеке тұлғаларға жасалған. Тіркелген қылмыстардың 9-ы жәбірленушінің өліміне әкеп соқтырған. Былтыр болған бұл ұрлық қылмысының салдарынан 25,6 мың әйел, 2,1 мың зейнеткер, 362 студент, 174 кәмелетке толмағандар, 25 мүгедек, 3 сотталған азамат зардап шеккен.

Жоғарыда ұрлық жасаған құқық бүзушылардың 85 пайызы немесе 18,4 мыңы жұмыссыздар екенін атап өттік. Құр жүрмей өзгенің мүлкіне қол салғандардың  1,2 мың жұмысшы болса, 52-сі жеке кәсіпкер  болған. Сұғанақтардың санатында 433 студент бар. Оңай олжаға құмартатындардың арасында  мемлекеттік қызметші де бар. Олардың саны 20-ға жетеді.

Сарапшылар соңғы бес жылда ұрлық саны айтарлықтай азайғанын алға  тартады. Және мұны 2018 жылы ұрлық жасағандарға қатысты заңның қатаңдатылуымен байланыстырады.