ҚОРАДАҒЫ ТӨРТ ТҮЛІК САНДА БАР, САНАТТА ЖОҚ БОЛСА…
Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Алғабас ауылындаға екі қабатты қораға жайғастырылған 1150 қой тілсіз жаудан түгел жанып кетті. Ауылдағы Қызыларық деп аталатын жайылымдағы қорада жанып кеткен бір отар қойдың арасынан малшының да денесі табылған. Аудан орталығынан қашықта орналасқан екі қабатты қора жайылымда бірер жыл бұрын пайда болған. Оның үстіңгі қабатында мал азығы жиналған. Төтеншеліктер әп-сәтте лап берген от дәл осы үстіңгі қабатта жиналған шөптен шыққанын алға тартады.
Төтеншеліктерге дабыл қоңырауы түскеннен кейін олар оқиға орнына 40 минутта жеткен. Қожалық пен өрт сөндіру бқлімінің арақашықтығы 40 шақырымға жалғасады екен. Тілсіз жауды ауыздықтау бірнеше сағатқа созылған. Алапат өрттен қораның түгі қалмай жанып кеткен. Өрттің неден болғаны әзірге белгісіз.
Үш сағат бойына лаулаған өрт отар қойды тірідей жандырып, жалдамалы жұмысшының да өмірін қиды.
Енді қас-қағым сәтте жантәсілім болған малшының отбасы мен мыңғырған малынан айырылған шаруа қожалыққа мемлекет есебінен қандай көмек көрсетілетіні әлі белгісіз. Әзірге өрттің себебі мен шығын көлемі есептелу үстінде.
Осы ретте мына хабарламаны қаперлеріңізге сала кетейік.
Өткен жылғы қуаңшылықтан Маңғыстау облысында мыңдаған мал қырылғаны белгілі. Сол кезде шаруалар қорада қырылған малының есепке алынбауынан мемлекеттен берілетін көмектерге қол жеткізуде бірқатар кедергілерге тап болған. Мұндай олқылық қайталанбас үшін еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі тұрғындарды меншігіндегі малды тіркетуді шақырады. Осы мақсатта «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» деректер базасында «Жасыл дәліз-3» функционалын іске қосу қолға алынбақ.
Бұл туралы ведомстваның баспасөз хатшысы Дамир Аспан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазады.
Ол «Жасыл дәліз-3» қызметін іске қосу тіркелмеген ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру және тіркеу жөніндегі жұмысты аяқтауға мүмкіндік береді деп түсіндіреді.