«ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚОРЫ ҚАРЫЗЫҢЫЗДЫ ЖАУЫП БЕРМЕЙДІ
2022 жылдың 11-қаңтары. Күнтізбедегі бұл дата мемлекет басшысының бірнеше маңызды шешімдерді жариялағанымен ерекшеленеді. Мәжілісте жасаған сол күнгі мәлімдемесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қоры құрылатынын, оған елдің ен байлығының арқасында ауыздары аққа тиіп отырған бай-манаптар мен ірі бизнес компаниялар тұрақты түрде аударымдар жасап отыратынын қадап айтқан.
Түскен қаржы әлеуметтік, білім беру, денсаулық, мәдениет және спорт саласындағы мәселелерді шешуге жұмсалатыны хабарланған. Бұған қоса қорға түскен қаржы сирек кездесетін дертке шалдыққандар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына, қаза тапқан әскери және құқық қорғау органы қызметкерлерінің отбасына бағытталған қайырымдылық мақсаттарға қолдау ретінде жаратылмақ.
18-қаңтардағы жағдай бойынша қорға 12 млрд теңгеден астам қаржы түскен. Оның ішінде 101 млн теңге 6 мыңнан астам жеке тұлғалардың есебінен жиналса, «Kaspi Bank» АҚ 10 млрд, «Халық» қайырымдылық қоры 2 млрд, «Степногор тау-кен химия комбинаты» ЖШС 350 млн теңге аударым жасаған.
Естеріңізге сала кетсек, 15-қаңтарда мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған қордың басшысы болып Болат Жәмішев тағайындалған болатын. Қордың Қамқоршылық кеңесінің құрамында 14 адам бар. Олардың қатарында ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин, «ҚР орфандық аурулары бар пациенттерге көмек көрсету қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің негізін салушы Бахыт Байғалиева, Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова, «Ракурс» экономикалық анализ орталығының директоры Ораз Жандосов және т.б бар.
Өз кезегінде қор басшылығы жиналған қаржылардың қалай жаратылыны ашып көрсетілетінін айтқанмен, мөлдірлік механизмінің қалай болатынын әлі мәлімдеген жоқ.
Қор құрамына енген қоғам қайраткері, мүмкіндіктері шектеулі адамдардың құқықтарын қорғаушы Алмаз Ержан отандық арналардың біріне берген сұхбатында Қамқоршылық кеңесінің алғашқы отырысы болып өткенін хабарлай келе «Бұл қор басқа қорлармен жұмыс істейтін болады. Үлкен жобаларды қолдайды. Оның жұмысы жабық болмайды. Ашықтық қамтамасыз етіледі. Өзінің сайты мен мобильді қосымшасы іске қосылады. Әр адам телефоны интернетке қосылса қарап, бақылай алатын мүмкіндік болады. Қор үй береді деген сыбыстар шығып жатыр. Кредитті жауып беру, үй беру деген мәселе болмайды. Бұл үлкен жобалармен жұмыс істейтін қор болады. Тағы бір айта кетерлік мәселе қордың облыста филиалдары болмайды»,- деп мәлімдеді.