КАРТОП ПЕН СӘБІЗ СЫРТҚА САУДАЛАНБАЙДЫ бұл шаруаларды шығынға батырады ма?
Үкімет елімізде өндірілетін бірқатар азық-түлік тауарларды экспорттауға тыйым салды. Бұл азық-түлік бағасының аспандамауы үшін қабылданып отырған шешім. Үкімет тауарларды сыртқы саудаға шығарудан бөлек, ішкі нарықты да уыста ұстауға бекініп отыр. Яғни, ел ішінде бағаны қолдан көтеруге әбден бейімделгендерге де бақылауды күшейтпекші. Үкімет жалпақ жұртқа жариялаған бұл талабының үдесінен қаншалықты шығады? Әлде ол құрғақ сөз күйінде қалады ма? Кейбір азық-түліктердің экспортталуына тыйым салынуына ауыл шаруашылығы саласындағы тауар өндірушілер не дейді?
Жуырда өткізілген Үкімет отырысы кезінде Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев экспорттық шектеулер енгізілген тауарларының тізімін оқып берді. Ол 2022 жылдың 1-шілдесіне дейін елден күнбағыс майы экспортына сандық шектеулер енгізілгенін, ал картоп пен сәбіз үш ай бойы сыртқы саудаға шығарылмайтынын, ірі қара мал мен ұсақ малдың өзге елге сатылуы жарты жыл бойына сап тиылатынын мәлімдеген. Ведомства мұндай шешімді Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп жасаған екен.
Мемлекет басшысының бағаны тұрақтандыру бойынша айтқан тапсырмасын орындау үшін тиісті министрліктің кейбір өнім түрлерінің экспортталуына тыйым салынуы туралы шешімі фермерлердің оң жамбасына келмейді екен. Мұны картоп және көкөніс одағының басшысы Қайрат Бисетаевтың отандық телеарналарға берген комментариінен білдік. Одақ басшысы биліктегілердің бұл әрекеті «жеті рет өлшеніп, бір рес кесілген» ұтымды шешім дей алмайтынын ашық айтуда. Ол «Егер бұл шектеу алынбаса алдағы үш айда картоп пен сәбіз бекерге шіріп кетеді. Салдарынан 28 млрд теңгеге жуық шығын болады. Бұлай жалғаса берсе келесі жылы фермерлер азырақ картоп пен сәбіз егеді. Салдарынан аталған көкөністердің бағасы биылғыдан әлдеқайда қымбат болады»,-дейді.
Естеріңізде болса былтыр нарықта картоп пен сәбіз бағасы шарықтаған болатын. Бұған қарапайым халық қатты ашынған. Жылдар бойы батып жейтін картоптың құны 500, сәбіздің бір келісі 800 теңгеге дейін көтерілген. Аграрлы елде тұрып, әрдайым қолжетімді өнімге айналып келген картоп пен сәбіздің дәл бұлай қымбаттауына қатысты сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров картоптың қат өнімге айналуын оның әлі піспегенімен, Өзбекстаннан тасымалданып жатқандықтан қымбатқа түсіп отырғанын, ал сәбіз бағасының шарықтауына дәл осындай жағдай себеп болып отырғанын айтқан еді. Кейін оны мемлекет басшысы отставкаға жібергенде дәл осы сәбіз бен картоптың қат өнімге айналып, оны тұрғындар қымбат бағаға алуына жол беріп қойғаны жіберген қателіктерінің бірі екенін атап өткен.
Омаровтың орнын басқан Ербол Қарашөкеев дәл осылай сүрінбейін деді ме, биыл картоп пен сәбізді сыртқы саудаға шығармауға бел буыпты. Бұл шешім оны оздырады ма әлде орға жығады ма алдағы күннің еншісінде.
Айтпақшы, еліміздің Сауда және интеграция министрі елде негізгі азық-түлік тауарларының бес айлық қоры қамтамасыз етілгенін, сондықтан да алдағы уақытта тағамға тапшылық болмайтынына сендіріп отыр.