ПАРТИЯ СЪЕЗІН ӨТКІЗУГЕ ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ жиын тарихи шешімнің заңды күшіне енетімен ерекшеленеді

Осы аптада Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәлімдеме жасады. Ол партияның кезектен тыс съезд өткізу шарасына дайындық жұмыстарының басталғанын жеткізді.

Өз сөзінде Бауыржан Байбек «Қазіргі таңда біз алда болатын кезектен тыс съезд жұмысына дайындықты бастап кеттік. Қаңтардың қасіретті күндерінде Елбасы баршамызды Президенттің маңайына топтасып, елдің амандығы мен бірлігін сақтап қалу үшін бірге әрекет етуге үндегенін баршаңыз білесіздер»,-  деді.

Бірақ Байбек ә дегеннен-ақ съезді өткізу нақты қай күнге белгіленгенін тап басып айтпады. Тек келесі күні тарихи шешім заңды күшіне енетін жиынның 28-қаңтарға белгіленгені мәлім болды.

Айта кетейік, өткен жылдың 23-қарашасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның төрағалығын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыру туралы шешім қабылдаған. Ол билеуші партияға құрылған жылдан бастап сол кезге дейін басшылық еткен.  Елбасының бұл шешімін сол кезде оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай мәлімдеген. Өз мәлімдемесінде Айдос Үкібай «Партия жарғысына сәйкес, төраға сайлау немесе оны қызметінен босату съездің құзіретінде. Сондықтан да Тоқаевқа төрағалықтың берілетіні туралы Елбасы шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ» деп нақтылаған еді.

 

С.ИБРАГИМОВА