ҚЫС ЖЫЛ САЙЫН ЖҰМСАҚ БОЛЫП БАРАДЫ

Өткен жылғы қыс жылы болды. «Казгидромет» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мамандары жылдың ең қатал мезгілі сарышұнақ аяз, бетқаратпас боранды болмайтынын алдын ала хабарлаған. Және бұған 1980 жылдан бері жер бетіндегі орташа температураның 0,8 градусқа дейін көтерілуі, яғни жаһандық жылыну өз әсерін тигізгенін алға тартқан. Көптеген сарапшылар климаттағы 20 өзгерістің 19-ы дәл сол 1980 жылдан бастап байқалып келе жатқанын айтады.
Салдарынан әлемнің көптеген елдерінде қыс мезгілі жылы болып жүр. Қазақстанда да дәл сондай жағдай. Жаһандық жылынудың тікелей әсерінен соңғы жылдары елімізде қыс мезгіліндегі орташа ауа температурасы бұрынғыдай -12,-15 емес, -10,-9 градустан ары аспай келеді.
Жыл басында климатолог мамандар қыстың бұлай жылы болуы агросектор асыраушы сала болып табылатын аймақтар үшін зор зиянын тигізетінін алдын ала хабарлаған. Себебі ауыл шаруашылығы саласында өндірілетін өнімдердің сапалы болуы 70 пайыз ауа райымен байланысты. Айтса айтқандай, сала мамандарының жыл басындағы бұл болжамы шындықтың ауылынан алыс емес екенін уақыттың өзі көрсетіп берді.
Биыл жауын-шашынның аз түсіп, қуаңшылықтың болуынан Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында мыңдаған төрт түлік тіске ілігер шөп таба алмай, көтерем болып, біразы арам өлді. Құрғақшылықтан шөптің бітік шықпауы Түркістан облысында да байқалды. Нәтижесінде жем-шөп бағасы аспандап кетті. Құрғақшылықты алға тартып біраз азық-түліктердің де бағасы қымбаттады.
Осындайда Екінші дүниежүзілік соғыстан соң күйреген Германияның аяқтан тұруына өзіндік қолтаңба қалдырған Эрхардтың кез келген күрмеулі мәселелерден жасырын мүмкіндіктерді таба білген тапқырлығы еске түседі. Мәселен, ол сол кездері Германиядағы дүкен сөрелердің бос тұруына қатысты мәселеге «демек елде тауар өндіру нарығы күтіп тұр» десе, қирап қалған зауыттар мен фабрикаларға қатысты «қорқатын дәнеңе жоқ, артта қалған технология орнына біз ең озығын өмірге әкелеміз» деп оптимистік тұжырым жасаған. Және оның жүзеге асуына сол кезде елдің экономика министрі ретінде зор үлес қосқан.
Ал бізде елдің еңсесін көтереді деп аттай таңдап тағайындалған ведомствалар тығырықтан шығар жол табу былай тұрсын, керісінше пессимистік болжам жасап, құрғақшылық есебінен қымбатшылықтың болуы заңдылық деуден әріге аса алмай отыр.
Жаһандық жылыну салдарынан жыл сайын қыстың қатал болуы неғайбыл. Демек бұл алдағы жылы да құрғақшылық сақталуы әбден мүмкін дегенді білдіреді. Енді не істемек керек? Нақты шараны әзірден бастап зерделеп, тиісті жұмыстарды қолға алмаса жағдай қиындай түсетіні тағы анық.
Мұндай ойды жуырда ҚР Президентінің Экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесшісі Сэр Сума Чакрабарти қуаттады. Ол климаттың құбылуы экономикаға пандемиядан кем соқпайтын зардап әкелуі мүмкін екенін айтып, ескертті. Президент кеңесшісі қазіргі таңда пандемиядан бөлек, климаттық өзгерістерді де билік назарда ұстауы қажеттігін айта келе «20 жыл бұрын бұл тақырып ешкімді де алаңдатпайтын. Қазір бәрінің назары климатта. Әр ел өз әлінше зерттеп жатыр. Халықаралық Валюта Қоры, Дүниежүзілік банк сияқты қаржы алпауыттары Қазақстанды да, басқа мемлекеттерді де жіті бақылап отыр. Олар әлем елдерінің климаттың өзгеруіне қалай әрекет етіп жатқанын, тығырықтан қалай жол таппақшы дегеннің бәрін назарда ұстап отыр», — дейді ол.
Сонымен қатар ол бұл жаңа сынақтан сүрінбес үшін Қазақстан Үкіметі тыңғылықты талдау жасап, нақты іс-шара механизмін ойлап табуы тиістігін айтты.
Президент кеңесшісі дабыл қаққан, халықаралық ұйымдар назар аударған бұл мәселеге біздің биліктегілердің қашан бас қатыратыны бір Құдайға аян.

С.НҰРАЙ.