МЕДАЛЬДАР АСПАННАН ЖАУҒАН ЖОҚ

Өткен аптаның алғашқы күнінен бастап ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай елге еңбегі сіңген деп таңдалған азаматтардың өңіріне орден, медальды салтанатты түрде табыстау іс-шарасы басталып кетті. Ең әуелі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордаға арнайы шақырумен келген еліміздегі бірқатар сала мамандары, кәсіпкерлер мен Парламент депутаттарын мемлекеттік наградалармен марапаттап, ерекше құрмет көрсетті.

Мемлекет басшысы жазушы Ә. Әшімовке (Тарази), елордадағы онкологиялық орталықтың бас дәрігері М.Төлетаевқа, «Қазмырыш» ЖШС бас директоры А.Хмелевке ең жоғары мемлекеттік награда «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді. Сонымен қатар жазушы С. Досанов, еңбек ардагері М. Жолдасбеков «Отан» орденін алды. Ел алдында жүрген өнер жұлдызы Алтынбек Қоразбаев, Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның өңіріне І дәрежелі «Барыс» ордені тағылды. Күнгей жұртына жақсы таныс Серікжан Сейтжанов пен еліміздің Ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Қазақстан жазушылар Одағы» РҚБ төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын Ханбибі Есенқарақызы, BI Group холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахимбаев, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, «Қазақтардың дүниежүзілік қауымдастығы» РҚБ төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков ІІІ дәрежелі «Барыс» орденінің иегері атанды.
Оңтүстік жұртына есімі жақсы таныс шахматшы Ж.Әбдімәлік пен Шымкент қалалық №1 қалалық клиникалық аурухананың дәрігері Ж.Сүйгенбаев «Құрмет» орденімен марапатталды.
Ақордадағы бұл марапат рәсімі туралы сын-пікірлер көп болды. Желіде Ғалым Смағұлының «Жылда осы уақытта қайталанатын ауа райы» деген тақырыппен жүктелген карикатурасына (суретте) «Ақордадан орден жауған күн болды» деп сарказм айтқандар да кездесті. Өз кезегінде ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгілер, ордендер, медальдар мен төсбелгі наградаларды дайындау үшін биылдың өзінде 312 млн-ға жуық қаржы жұмсалғанын, сондықтан да орден-медаль аспаннан жауып жатпағанын, барлығы халықтың ақшасы екенін айтқандар да болды. Мәселен, Тұңғыш Президенттің қызы Дариға Назарбаеваның өңіріне тағылған І дәрежелі Барыс орденінің 1 данасын әзірлеуге 1 998 244,64 теңге бөлінеді екен. Биыл мұндай түрдегі орденнің 7-уі әзірленіпті. Ал Бекболат Тілеуханға берілген ІІІ дәрежелі Барыс орденіне 695 мыңға жуық қаржы жұмсалады екен. Бұл да аз ақша емес.
Мемлекеттік наградалардан бөлек, биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық құрметіне орай арнайы медаль жасалды. Ол 25 мың адамға таратылып берілді. Сол 25 мың адамның кеудесіне тағылған мерекелік медальдарды әзірлеу үшін бюджеттің 123 млн 900 мың теңгесі кеткен. Медальдарды ҚР Ұлттық банкінің Қазақстан теңге сарайы мекемесі шығарған. Тапсырысты Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілік басқармасы берген.
Дәл осы ел Тәуелсіздігі қарсаңында орден-медаль алғандардың қатарында мемлекеттік қызметте жүрген азаматтардың қатары тым көп болғаны туралы сындар жиі айтылды. «Халық айтса, қалт айтпайды» деуші еді. Бірақ халық арасындағы бұл пікірге ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев келіспейтінін ашық айтты. Ол «Ашық диалог» бағдарламасына берген сұхбатында марапат алғандардың арасында мемлекеттік қызметшілердің үлесі 10 пайызға да жетпейтінін, бірақ олардың бәрі де марапатқа лайықты екенін айтады. Сонымен қатар ол, құрметті атақтар беру, орден-медаль табыстау біздің елде ғана емес, өзге дамыған өркениетті елдерде қалыптасқан тәжірибе екенін, бұл адамдарды ынталандырып, патриоттықты, еңбексүйгіштікті қоғамға насихаттау үшін қажет дүние екенін тілге тиек етеді.
Дәурен Абаев айтқандай орден-медаль тағу қоғамда еңбексүйгіштікті насихаттау үшін қажет болса, неге ел ішінде еңбектің бел ортасында жүрген азаматтардың атын шығарып, ардақ тұтпаймыз?!
Айтпақшы, дәл осы марапаттар мен мерекелік медальдар табысталып жатқан күнде белгілі саясаттанушы Дос Көшім 35 жыл бұрынғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтарды жазалағаны үшін мемлекеттік марапат алған 4 мыңнан аса адамға қарата үндеу жолдайды. Ол сол кездегі «ерлігі» үшін мемлекеттік наградаға ие болған төрт мыңнан астам адамға халық алдында кешірім сұрап, күнәдан арылу қажеттігін естеріне салады. Дос Көшім келтірген 4 мыңнан аса адамның ең көбі дәлірегі 2005 адам ҚазССР Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен мадақталғандар екен. Тағы 561 адам ақшалай сыйлық (Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен) алса, 424-і «Отличник милиции» белгісімен марапатталғандар. Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды жазалауға қатысқандардың 335-не Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамотасы берілсе, 217 адам «За отличную службу МВД КазССР» белгісін алған. Бұдан өзге 160 адам «За отличную службу по охране общественного порядка» медалін кеуделеріне таққан. Саясаттанушы өз үндеуінде бұл деректер «Желтоқсан-86» құжаттар жинағының 10-томынан алынғанын да ескертеді. Әрі ойына тұздық ретінде «Жоғарыдағы жазба, менің қорқынышым, осыдан бес жыл бұрын жарияланды. Бүгінге дейін, менің естуімше, осы 4132 марапат алған жандардың тек қана 13-і өздерінің марапаттарын тапсырып, өздерінің ар-ождандарының алдында арылудың алғашқы қадамын жасапты. 13 адам – 3,1 пайыз (бұған сол марапатты берген, шешім шығарған адамдарды қосыңыз).
… Түсінемін, арылу – істеген ісіңді мойындау болып табылады. Үндемей құтылу – ондай жағдайдың, алаңға шыққан жастарды аяусыз ұрып-соғудың болмағаны сияқты көрінеді. Бірақ ондай жағдайда «Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы не үшін берілді?», «Желтоқсанға байланысты ескерткіштер неліктен орнатылды?» деген сұрақтың туары анық. Боздақтар бар да, оларды жазалаған жауыздардың жоқ болғаны ма? Бұл – абсурд. 99 адамды соттағанда, екі адамды өлім жазасына кескенде, бірнеше мыңдаған жанды соққыға жығып, бірнеше мыңдаған жасты оқудан, жұмыстан қуғанда ешкімнің жауап бермеуі (ең болмаса өзінің арының алдында) – ақылға кірмейтін мәселе.
Біз Шаңырақ шайқасы мен Жаңаөзен қырғынында бейбіт азаматтарға қалайша оқ атты деп таңданамыз. Меніңше, бұлар Желтоқсанда марапат алған 4132 адамның ұрпақтары. Мүмкін, тікелей баласы не немересі емес те шығар, бірақ рухани мұрагерлері»,- дейді.
Бұдан алған атақ пен берілген марапаттың ертелі-кеш сұрауы болатынын түсіну қиын емес.

А.САТЫБАЛДЫ.