АРЫСТА КӨРНЕКТІ ҚАЙРАТКЕРДІҢ БЮСТІ ОРНАТЫЛДЫ

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Арыс қаласында мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың бюсті орнатылды. Салтанатты шараға Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова, қайраткердің інісі Дияр Қонаев және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қала әкімі жиын барысында Дінмұхаммед Қонаевтың аймаққа сіңірген еңбегіне тоқталып өтті:
«Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің 1956 жылғы 31 шілдедегі Жарлығымен Арыс — қала мәртебесіне ие болғаны белгілі. Мінекей, тура 65 жыл бұрын осы Жарлықтың күшіне енуіне Дінмұхамед Ахметұлы айрықша ықпал еткені ақиқат. Біз бүгін ел игілігі үшін ерен еңбек еткен ерлердің есімін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында осындай салтанатты шарада бас қосып тұрмыз. Бұл біз үшін зор мәртебе».
Ұлт тарихындағы көрнекті қайраткердің бейнесін айшықталған мүсінді Арыс қаласының тумасы, Суретшілер одағының мүшесі Тілеуберді Бинашев сыйға тартқан.