ТҮРКІСТАН МЕН ТАШКЕНТТІ БАЙЛАНЫСТЫРАТЫН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕМІР ЖОЛ САЛЫНАДЫ
Алдағы уақытта ала шапанды ағайынмен байланыс күшейе түседі. Мәселен, «Түркістан-Шымкент-Ташкент» бағытындағы жоғары жылдамдықты пойызға арналған халықаралық темір жолдың құрылысы 2022 жылы басталатыны белгілі болды. Бұл жаңалықты Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеп, жобаның маңызына тоқталды.
«Апта басында Нұр-Сұлтанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев кездесіп, мемлекетаралық келісімдерге қол қойды. Сол жиындарға қатыстық. Жағымды жаңалықтар бар. Соның ішінде Түркістан облысын дамыту үшін аса маңызды «Түркістан-Шымкент-Ташкент» темір жолын салынатыны хабарланды. Екі Президент жобаны мақұлдап, Үкімет басшыларына аталған жобаны жүзеге асыру жөнінде тапсырма берді. Ол магистральдың жобалық-сметалық құжаты дайын. «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшылығының хабарлауынша, құрылыс 2022 жылдың басында басталады. Бұл темір жолдың маңызы өте зор. Біріншіден, өңірде туризм дамиды. Темір жол Түркістаннан басталып, Шымкент қаласымен қатар Ордабасы, Қазығұрт, Сарыағаш аудандарын қамтитын болады. Тағы бір қуанышты жаңалық, Нұр-Сұлтанда инвестициялық форум өтті. Сол жерде «Қасқасу» шаңғы туризм орталығын салу бойынша Жол картасына жеті жақты келісімшартқа қол қойылды. Оның ішінде Үкімет, министрліктер, шетелдік инвестор, банктер, әкімшілік бар. Бұл туристік орталық Түркістан өңірінің экономикасын көтеруге үлес қосады» деп атап өтті облыс әкімі.
Бұдан бөлек, Өмірзақ Шөкеев екі елдің тауар айналымының артуына мүмкіндік беретін «Дарбаза-Мақтаарал-Жизақ» темір жолының құрылысы басталатынын да атап өтті. Сонымен қатар облыстың Өзбекстанмен шекаралас аумағында қос елдің қатысуымен «Орталық Азия» халықаралық сауда-өнеркәсіп кешені бой көтеретінін де жеткізді. Аталған жобалардың барлығы облыстық дамуына тың серпін береді деп күтілуде. Мәселен, «Түркістан-Шымкент-Ташкент» жоғары жылдамдықты темір жол магистралінің құрылысы аяқталса, туризм және өзге де салаларда мыңдаған жұмыс орны құрылып, салаларда оң өзгерістер орын алмақ. Бұдан бөлек, бауырлас елдер арасындағы байланыс күшейіп, қарым-қатынас нығая түседі.