ҚАЗАҚСТАН МЕН ӘЗІРБАЙЖАН КӘСІПОДАҚ БІРЛЕСТІКТЕРІНІҢ БАСШЫЛАРЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕЛІСІМІНЕ ҚОЛ ҚОЙДЫ
6 желтоқсанда ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған делегацияның Баку қаласындағы Әзірбайжан Кәсіподақтар Конфедерациясына (ӘКК) ресми сапары басталды. Сапар аясында кәсіподақ бірлестіктері төрағаларының жеке кездесуі өтіп, онда ағымдағы қызмет, халықаралық ынтымақтастық және өзге де мәселелер сөз болды.
ӘКК басшылығы және кәсіподақ белсенділерімен кездесуде тараптар ұлттық кәсіподақ орталықтарының әлеуметтік әріптестік, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, қызметкерлердің нақты санаттарын қорғау, кемсітушілікке жол бермеу, әлеуметтік қамсыздандыру және жұмыспен қамтуды қорғау, қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау мақсатында коронавирус пандемиясы кезінде қабылданған шараларды талқылады.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қазақстан кәсіподақтарының бұрын-соңды болмаған дағдарыс кезеңінде елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақты қалпына келтіруді қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік диалогты күшейтіп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ түске дейін ҚРКФ мен ӘКК арасындағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қою рәсімі өтті.
Бұл құжат екі елдегі еңбекшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесін жетілдіру бойынша жарғылық міндеттер мен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған екіжақты өзара ынтымақтастыққа жаңа серпін беруі тиіс.
Сонымен қатар ҚРКФ делегациясы Әзербайжанның Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясында болып, оқу орнының жұмысымен, кәсіподақ белсенділерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау, білім беру бағдарламаларын әзірлеу жұмыстарымен танысты. Сапар барысында федерация делегациясы Мұнай және газ саласы қызметкерлерінің кәсіподағы республикалық комитетінің кеңсесінде болып, салалық кәсіподақ ұйымының қызметінен хабардар болды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының Медиа орталығы