ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ
Өзбекстан Республикасының Түркістан қаласына жасаған тартуы ретінде бой көтерген құлшылық үйінің бүгінде тас қалау, күмбезді монтаждау жұмыстары аяқталған. Құрылысы жүріп жатқан 5000 адамға арналған мешітке сәулет үлгісінің ерекше тәсілдері қолданылуда. Мешіттің әрлеу, монтаждау, электрмен қамту және өзге де жұмыстарының барысымен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев шаһардағы құрылыс нысандарын аралау барысында танысты.
Кезекті нысанға бас сұққан өңір басшысы Яссы көшесі бойынан орын тепкен желілік саябақтың құрылысы барысын да бағдарлады. 11 гектарға орналасатын саябақты жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған. Бүгінгі таңда абаттандыру, аяқжолдар мен веложолдар салу, көшет отырғызу және каналын жүргізу 100 пайызға аяқталған. Сонымен бірге Түркістан қаласында 500 адамды жұмыспен қамтып отырған «Керуен сарай» тұрғын үй кешенінің де құрылысы қарқынды. Биыл қыркүйек айында іргетасы қаланған үйлер 2022 жылы көктемде беріледі деп жоспарланған.
Облыс әкімі бастаған топ Бекзат Саттарханов атындағы спорттық-сауықтыру кешеніндегі қарекетті де шолып шықты. Түркістан облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешенін реконструкциялау және 320 орындық қосымша ғимараттың іргетасын қалау, бірінші қабаттағы тірек қабырғасын тұрғызу жұмыстары 100 пайыз аяқталған. Құрылыс және монтаж жұмыстары жобаға сәйкес орындалуда. Жобадан ауытқулар жоқ. Нысан 2022 жылы беріледі. Спорт ғимаратының құрылысын сапалы жүргізуді тапсырған Өмірзақ Шөкеев жауаптыларға бірқатар тапсырма берді.