ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӨЗГЕ ӨҢІРЛЕРІ ТҮРКІСТАНДАЙ ӘСЕМ ШАҺАРҒА АЙНАЛАДЫ…

Таяуда еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы жарияланды. Мақаланың әлқиссасында Нұрсұлтан Әбішұлы егемен ел болғанымызға отыз жыл толғанына тоқталады. Содан соң дербес мемлекет болып құрылғанына отыз жыл толған торқалы той қарсаңында тәуелсіздіктен тағылым алу үшін туған халқымен ой бөлісуді жөн көргенін шегелей кетеді.
Тәуелсіздік кез келген ұлтқа бұйыра бермейтін қымбат құндылық. Елбасы «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында сол қымбат құндылық біздерге оңай келмегенін «Тәуелсіздікке барар қиын жолдардағы сансыз көп шайқастар мен көтерілістерде қаншама қаһарман бабаларымыз шейіт болды. Оларды еске алу, құрметтеу – біздің парызымыз» деген оймен сабақтайды.
Сол сөздердің жай риторика емес жүректен шыққан жолдар екенін «Мен миллиондаған адамды қанға бөктіріп, қисапсыз мол қиындықтардан тұратын XX ғасырдың ортасында дүниеге келдім. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қазақтар қатыспаса да, патшаның 1916 жылғы маусым жарлығымен тыл жұмысы үшін әскерге шақырылды. Отаршыл өкіметтің өктемдігі мен зұлымдығы халықты ашындырып, төзімін тауысты. Сол кездегі Жетісу өлкесінің Қарқара, Қастек, Самсы өңірінде болған ұлт-азаттық көтерілістерге менің ата-бабаларым да қатысты» деген оймен айшықтайды.
Мақаласында одан өзге де тәрбиелік мәні бар тағылым келтірген Елбасы келешек ұрпаққа қарата «Азат еліміздің жастары тәуелсіздікке барар жолдың қандай азапты болғанын, қандай құрбандықтар мен сынақтар – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, азамат соғысы, ашаршылықтың алапат екі толқыны, қуғын-сүргін мен репрессиялар, Ұлы Отан соғысы, тың игеру жылдарындағы жаппай қоныс аударудың зардабы арқылы жеткенімізді білуі керек. Мұның өзі өткен тарихты қастерлеп, одан сабақ алу үшін қажет. Менің «Тәуелсіздік – бабалар қанымен келген киелі құндылық» дейтінім осыдан»,-деп үндеу айтады.
Қастерлі мереке қарсаңында жарияланған мақаласында Елбасы «Тәуелсіздікті жариялау оңай емес, оны бүкіл әлемге мойындату одан да қиын еді. Мен Қазақстан тәуелсіздігінің осындай биік деңгейде мойындалуын да алдын ала ойластырып қойған едім»,-дей келе, «Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған күннің ертеңінде елімізге ресми сапармен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Дж.Бейкердің өзі келді. Бұл оның Қазақстанға екінші сапары болатын. Осы уақыт ішінде екеуміз өзара сенімге негізделген достық қатынас орнатып үлгерген едік. АҚШ-тың сыртқы саясатына жауапты тұлға Қазақстанды тұңғыш Президент сайлауымен, тәуелсіздік жариялауымен шын жүректен құттықтады. Бұл ақпаратты онымен бірге келген шетелдік журналистер қауымы АҚШ пен Батыс елдеріне сол сәтте-ақ таратып жіберді»,- деп жазады.
Қазақстандықтар үшін ақжолтай жаңалықты АҚШ мойындап, танығаны туралы бұған дейін де айтылған. Мәселен, тәуелсіздік алғаннан кейін Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған, елдің сыртқы саясат тұжырымдамасы авторларының бірі Вячеслав Ғиззатов «1991 жылы желтоқсанның 16-сында Тәуелсіздігімізді жариялаған соң көптеген елдер оны мойындап, тани бастады. Сол жөнінде ресми мәлімдемелер бірінен соң бірі жарияланып жатты. Біздің көздегеніміз – дүниежүзілік саясатты құратын ірі де белді елдердің мойындауы болатын. Бұл сөз жоқ, бізге ары қарай сенімді қадам басуға қолғабыс болатыны анық. Қазақстан Тәуелсіздігін ең бірінші мойындап, таныған Құрама Штаттар болды. Бұл елдің дүние-жүзіндегі салмағы мен қуаты белгілі ғой. Екінші болып тағы бір белді ел – көршіміз Қытай мойындады. Одан кейін Ұлыбритания, сосын бөтендігі жоқ ағайын ел Моңғолия мойындады. Одан кейінгі кезек Франция, Жапония, Корея және Иранға тиді. Мұсылман елдерінің ішінен бірінші болып біздің Тәуелсіздігімізді Иран мойындады…Бірақ біздің елде елшілігін бірінші ашқан түріктер болды. Бұрынғы Кеңес Одағы елдерінен бірінші болып Литва, сосын Украина, Грузия мойындады. Ал империялық саясатқа еті үйренген Ресей тек жарты жылдан соң ғана, 1992 жылдың тамыз айында барып, біздің тәуелсіздігімізді мойындады»,-деді
Вячеслав Ғиззатовтың бұл сөзінен Тәуелсіздігімізді ең алғаш танымаса да Түркия Республикасының Қазақстанның егемен ел екенін нақты іспен мойындаған тұңғыш мемлекет екенін аңғаруға болады.
Жалпы Түркия Республикасының сол кезде Қазақстанға қарай мұндай қадам жасауына Ататүріктің «Мәңгі империялар жоқ… Кеңестік империя да күндердің күнінде құлайды. Оның қоластына кірген түркі республикалары да тәуелсіздік алады. Сонда біз олардың тарапынан өтініш түсуін күтпей, өз бауырларымызға көмектесуге тиістіміз»,-деген. Шежірелі тарихта жазылып қалған бұл сөзді Кемал Ататүрік 1933 жылы қазан айында Түркия Республикасының 10 жылдық мерейтойында айтқан.
Бұдан шығар мораль. Таңдаулы тұлғалардың толғана айтқан әрбір сөзі белгілі бір уақыттан соң салтанат құрады деп айтуға толық негіз бар. Тұңғыш Президент «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында Қазақстан өңірлері туралы «Астананың қарыштап дамуы еліміздің өзге өңірлерінің өркендеп өсуіне серпін берді. Шымкент халқының саны миллионнан асқан республикалық дербес үшінші қала қатарына қосылды. Екі мың жылдық тарихы бар көне Түркістан кейінгі екі жылдың ішінде айтарлықтай өзгеріп, әсем шаһарлардың біріне айналды. Еліміздің өзге өңірлері мен ірі қалаларын да дәл осындай болашақ күтіп тұр деп нық сеніммен айта аламын» деп болжам жасайды.
Дәл қазір Елбасының бұл сөзі жай айтылғандай болуы мүмкін. Бірақ Тұңғыш Президент-Елбасының халықпен бөліскен ойы өрілген «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласындағы баянды болжамы алдағы күндерде орындалып, салтанат құруы әбден мүмкін. Солай дейік, солай боларына сенейік!

Садыбек БЕЙСЕНБАЕВ,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Қоғаммен байланыс және мәдениет жөніндегі проректоры.