109 БАЙЛАНЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНА ТҮСТІ
Түркістан облысы, Кентау қаласында тұрғындардың арыз-шағымын, ұсыныс-өтініштерін дер кезінде қабылдау мақсатында 109 байланыс орталығы құрылып, үздіксіз жұмыс атқарып келеді. Тұрғындары кез-келген қалта телефоны арқылы 109-ға хабарласа алады. Орталық қала әкімі Дәурен Махажановтың тапсырмасымен құрылған болатын.
Бүгінде бірыңғай байланыс орталығына барлығы 1037 өтініш келген. Тарата айтсақ, WhatsApp желісі арқылы 319, Instagram арқылы 150, 109 номірі арқылы 359, Facebook арқылы 61 өтініш қабылданған. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген үйлер бойынша штабқа 102 өтініш түссе, жеке қабылдау кезінде 46 өтініш тіркелген.
Орталыққа келген өтініштердің 981-іне жауап беріліп, шешімі табылған. Қалғаны тұрғындардың орталыққа жүгінген уақытына қарай бақылауда тұр. Аталған жұмысты жандандыру мақсатында қазіргі таңда Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасымен бірлесе «Aikey» бағдарламасын іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Aikey» бағдарламасы — арнайы бірыңғай жүйе. Тұрғындар тарапынан түскен барлық сауал, өтініш, арыз қала әкімінің жіті бақылауына алынған.