ҚЫЗМЕТ ТҮРІ ҚЫЛМЫСТЫ ҚЫСҚАРТЫП КЕЛЕДІ

Ағымдағы жылдың 10 айында Түркістан облысында отбасында жасалатын қылмыстар саны өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 28,8 пайызға азайған. Оның ішінде әйелдерге қарсы жасалған қылмыстардың саны 3,3 пайызға төмендеген. Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің келтірген дерегі осындай. Сала мамандары отбасында жасалатын қылмыстардың мейлінше азаюына Түркістан облысындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын әлеуметтік-психологиялық жағынан қолдау көрсету қызметі оң ықпал еткенін алға тартады.

Тәуелсіз зерттеу қорытындысы Түркістан облысындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету қызметінің жұмысына оң баға берді. Қызметтің бұл түрі облыста бес жылдан бері қолға алынып келеді. Аталған қызмет түрі облыстың барлық аудан, қалаларында жұмыс істейді.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінде өткен жиында айтылды.
Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасарлары С.Қалқаманов пен Ұ.Тәжібаев, облыстық басқарма басшылары мен ЮНФПА өкілдері қатысты. Басқосуда ЮНФПА өкілдері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында Түркістан облысы әкімдігінің тапсырысымен әзірленген стратегияға жоғары бағаларын берді.
Бұл коммуникациялық стратегия БҰҰ Халықтың қоныстануы саласындағы қорының «Орталық Азияда гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы әрекет етуді жақсарту үшін ұлттық әлеуетті күшейту» жобасы аясында Ұлыбритания үкіметінің қолдауымен әзірленген.
Талқыланған тақырыптың маңыздылығын атап өткен облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов коммуникациялық стратегия негізінде шұғыл жоспар құруды тапсырды. Сонымен бірге ол өңірде отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін мәлімдеді.
Айта кетейік, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету қызметі ауылдардағы әйелдерге көмек көрсетеді. Себебі дағдарыс орталықтары көбінде қалалық жерлерде орналасқан.
Аталған қызмет түрінің ерекшелегі не? Отбасында зәбір көрген әйел аталған қызметке жүгінсе, құзырлы органдардың табалдырығын тоздырмайды. Зәбір көрген әйелдің жеке басындағы тауқыметті арнайы қызмет мамандары білсе жеткілікті. Олар өздері полицияға, әлеуметтік қызметтерге, прокуратураға және тағы басқа ұйымдарға хабар береді.
Жиында Қазақстандағы ЮНФПА-ның өкілі Ғазиза Молдақұлова «Түркістан облысымен әріптестік жоғары деңгейде. Өңірде гендерлік зорлық-зомбылық бойынша нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар күшейеді»,- дей келе демографиясы жоғары өңірде ана құқығын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу аса маңызды екенін атап өтті.