20 МЫҢҒА ЖУЫҚ АЗАМАТ PFIZER ВАКЦИНАСЫН АЛДЫ

Түркістан облысында 20 мыңға жуық азамат Pfizer вакцинасын алған. Ал жалпы өңірде 267 345 азаматтың аталған екпені алуы жоспарланған. Облыста екпені алу көрсеткіші 98,4%-ды құрады.

Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Нұрсұлтан Слан баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Екпе алғандардың арасында кері әсер беру фактілері тіркелмеген. Бұдан бөлек, коронавирусқа қарсы иммунитетті қалыптастыру мақсатында екпе алуға ниетті азаматтар саны едәуір артқан.
«Екпе жұмыстарын жүзеге асыру жоспарланған іс-шараларға сәйкес мерзімінде атқарылуда. Сонымен қатар, облыстағы медициналық ұйымдарда дәрілік заттар мен медициналық жабдықтардың аса қажетті тізімі бекітіліп, 2 айлық резервтік қор қалыптастырылды. Жедел жәрдем қызметі 122 автокөлікпен қамтамасыз етіліп, автокөліктер паркі 96%-ға жаңартылды»,- деді Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері Райымбек Тасырбаев.
Айта кету керек, Түркістан облысындағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Соңғы екі аптада коронавирусқа шалдығу — 148, пневмония — 11 жағдайға төмендеген. Дегенмен ақ халаттылар сақтық шараларын ұстануды ұмытпау керегін ескертті.