4 МЫҢНАН АСТАМ АЗАМАТ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Түркістан облысы, Кентау қаласында 4153 азамат уақытша және тұрақты жұмыспен қамтылған. Тұрғындарды жұмыспен қамту «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған.

Бағдарламаның бірінші бағыты – қысқа мерзімді кәсіптік оқыту. Ол бойынша ағымдағы жылдың 10 қыркүйегінен бастап 30 адам даяшы және тігінші мамандығы бойынша білім алған. Екінші бағыт – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Аталған бағыт бойынша «Бастау-бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерінің оқыту курстарынан өткен 116 үміткер грантпен қаржыландырылды. Олардың арасында табысы аз және көпбалалы отбасылардан шыққан азаматтар, еңбекке қабілетті мүгедектер және жастар бар.
Биыл «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық жобалар бойынша қалада 2 нысан қолданысқа берілді. Бүгінде онда 67 азамат жұмыс істеп жатыр. Бағдарламаның барлық бағыттары бойынша 213 еңбекке жарамды мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмысқа орналастырылған. Толығырақ тоқталсақ, әлеуметтік жұмыс орындарына – 5 адам, «Бастау-бизнес» жобасы кәсіпкерлік негіздерінде — 13 адам, қысқа мерзімді кәсіптік оқу арқылы — 2 адам, мемлекеттік грант арқылы — 6 адам, жастар практикасы бойынша – 10 адам, қоғамдық жұмыспен — 64 адам, тұрақты жұмыспен — 113 адам қамтылды.

Қ.ҚАЛИЕВ.