400-ГЕ ЖУЫҚ ОТБАСЫ ТЕРІСКЕЙГЕ КӨШКЕН

Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру мақсатында жұмыс күші артық Түркістан облысынан Солтүстік өңірлерге 2015-2020 жылдар аралығында барлығы 6033 мүшесі бар 1709 отбасы қоныс аударған.

Олардың басым көпшілігі тұрғын үймен қамтылып, екі қолға бір күрек тапқан. Ал ағымдағы жылдың қаңтар-қараша айларының аралығында теріскей өңіріне облыстан 1745 мүшесі бар 385 отбасы қоныс аударған.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мәлімдеді.
Одан өзге басқарма басшысы барлығы 85 942 адам «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жұмыспен қамту шараларына қатысқанын атап өтті. Өз сөзінде ол «2021 жылдың 1-қарашасы бойынша 1 872 жаңа жұмыс орны құрылып, 1 377 адамға міндетті зейнетақы жарнасы аударылған. Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 886 адам жолданды. «Алғашқы жұмыс орны» жобасын іске асыру мақсатында қазіргі таңда нақты 225 адам жолдама алған. Сонымен қатар, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында 2 501 адамға жұмыспен қамту шаралары көрсетілді», — деді.
Сондай-ақ, 2021 жылғы 1-қарашадағы жағдай бойынша облыстағы 41,5 мың отбасыға 11,2 млрд теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Олардың ішінде еңбекке жарамды 64 656 адамның 47 мыңы жұмыспен қамтылған.

«Уақыт».