PFIZER: БАЛАЛАР АРАСЫНДАҒЫ АУРУ ЖҰҚТЫРУДЫ АЗАЙТАДЫ

Ағымдағы жылдың 10-қарашасында елімізге коронавирусқа қарсы Pfizer екпесінің алғашқы партиясы жеткізілген болатын. Жүкті әйелдер, бала емізетін аналар мен 12-18 жас аралығындағы балаларға егілетін аталған препараттың Түркістан облысына жеткізілген алғашқы партиясы 29 250 дананы құраған.

Бұған дейін аталған вакцинаның түрі ең әуелі 16 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге салынатыны хабарланған. Ал сәби күтіп жүрген келіншектер препаратты жүктіліктің 16 аптасынан бастап 37 аптасына дейін қабылдауына болатыны ескертілген.
Өз кезегінде облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нұрхан Нұрымбетова вакцина салдыруға облыстағы 150 екпе пунктінен бөлек, 80 жылжымалы бригада жұмылдырылғанын хабарлады. Қайсыбір мектеп вакцина салдыру дайын болса, жылжымалы бригада сол білім ұясына жететін болады. Дегенмен де, балаларына екпені мектепте немесе емханада салдыруға ата-аналардың өздері таңдау жасайды.
Осы аптаның алғашқы күнінен бастап Түркістан облысында оқушылар мен жүкті әйелдерге Pfizer екпесін салу басталды. Індетке қарсы шара ерікті түрде жүргізілді. Алғашқы күні екпенің бұл түрін облыстағы 53 мектептің оқушылары салдырды. Барлық жасөспірімдер вакцина қабылдамас алдын, медициналық тексеруден өткен. Сонымен қатар мамандардың арнайы бақылауынан өткен тағы 68 жүкті әйел вакцина салдырған.
Вакцинаны жүргізетін мамандардың барлығы арнайы оқытудан өткен. Айта кетейік, жасөспірімдерге вакцина салдыру тек ата-анасының немесе заңды өкілінің рұқсатымен жүргізіледі.
Мамандар екпенің бұл түрі балалар арасындағы ауру көрсеткішін айтарлықтай төмендететініне сенімді. Мәселен, облыста 1000-ға жуық мектеп бар болса, жыл басынан бері 142 мектепте балалардың індет жұқтыруы тіркелген. Коронавирус 400-ге жуық оқушыға ауыз салған. Балалардың 314-і індетті сабақ кезінде жұқтырған.
Pfizer екпесі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған, АҚШ-та жедел қолдануға рұқсат етілген алғашқы вакцина. Клиникалық зерттеудің нәтижелері бойынша оның тиімділігі 95 пайызды құрайды. Аалдын ала жүргізілген келісім негізінде Қазақстан бұл препараттың 4 млн дозасын сатып алды. Вакцинация курсы 21-28 күн аралығымен енгізілген екі дозадан тұрады.
АҚШ, Ұлыбритания, Канада және ЕО елдерінде қолданылатын Pfizer екпесі Қазақстанда тіркелген алтыншы вакцина. Бұған дейін елімізге коронавирусқа қарсы екпенің QazVac, Спутник V, Hayat-Vax, Соронавак, Sinopharm түрлері тіркелген.

Д. АМАНҒАЛИ.