БҰХАРБАЙ БҰҚАРАҒА ҚАНДАЙ УӘДЕ БЕРДІ?

Осы аптада Шымкент қаласы, Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов қала әкімдігінің инстаграм парақшасындағы тікелей эфирде ағымдағы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстарын баяндады. Тиісінше, желі арқылы тұрғындар жолдаған бірқатар сұрақтарға жауап берді. Ауданда 34 елді мекен, 453 көпқабатты тұрғын үй бар екені белгілі. Дегенмен аудан басшысы көпқабатты тұрғын үйлерге қатысты жақ ашпады. Өз баяндауында Бұхарбай Парманов 34 елді мекендегі инфрақұрылым мәселесіне екпін түсірді.

 

Қазіргі таңда Абай ауданында 34 елді мекеннің 24-і құбыр суымен толықтай қамтамасыз етілген. Ал 10 елді мекенде ауыз су мәселесі күн тәртібінде тұр. Ондағы тұрғындар тіршілік көзін шекті көлемде тұтынады немесе тасып ішеді. Аудан әкімі орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған 10 елді мекеннің тоғызы жыл соңына дейін ауыз сумен қамтылатынын айтты. Осы бағытта қазіргі таңда «Ынтымақ» елді мекеніндегі 1000 үйге су кіргізілген. «Нұршуақ» елді мекеніндегі магистрал құбырына су толық жіберіліп, әр жеке үйге су тарту жұмыстары жүруде. Одан өзге Жаңаталап аумағындағы «Қызылжар», «Тәуелсіздікке 20 жыл», «Игілік», «Көкбұлақ» елді мекендеріне тартылған 23 шақырымдық магистрал құбыр сумен толтырылған. Сәйкесінше магистралдан келетін тіршілік көзін ішкі абоненттік жүйелерге қосу жұмыстары қарқын алған. Ал «Құрсай» елді мекенін ауыз сумен қамту жұмыстары келер жылға өтпелі. Нысанның құрылысы үшін бюджеттен 6 млрд теңге бөлінген. Биыл 1 млрд теңге игерілген. Нәтижесінде 2022 жылы аудандағы барлық елді мекендер ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі.
Осы деректерді алға тартқан Бұхарбай Парманов ауданда жыры көп жекеменшік жарықты тұтынатын 8 елді мекен бар екенін атап өтті. Аталған елді мекендерді сапалы жарықпен қамтамасыз ету үшін 118 млн 300 мың теңгеге жобалық-сметалық құжат жасалған. Жобаның құрылысы 7,2 млрд теңгені құраған. Бүгінде бөлінген қаржының 3 млрд 400 мың теңгесі игерілген. Игерілген қаржы есебінен аудандағы 5 елді мекен жыл соңына дейін сапалы жарықпен қамтамасыз етіледі.
Қалған 3 млрд 800 мың теңге 2022 жылға өтпелі. Бұл қаржы есебінен келер жылдың соңына дейін «Жаңаталап», «Нұршуақ» пен «Ынтымақ-2» және оның батыс бөліктері мемлекет есебінен тартылған желіден электр көзін тұтынады.
Қазіргі таңда аудандағы 34 елді мекеннің 23-і көгілдір отынмен қамтылған. Алдағы жылы 11 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етілмек.
Осы және өзге де жұмыстар жөнінде баяндаған аудан басшысы тұрғындар жолдаған сұрақтар бойынша келесідей мәліметтерді келтірді. Атап айтқанда, «Ынтымақ-2» елді мекенінде келер жылы инвесторлардың есебінен мектеп салынатын болады. Тұрғын үй құрылысы үшін 5 мыңнан астам жер телімдері бар «Нұршуақ» шағын ауданындағы 1025 үй биылдан қалмай орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылады. «Көмешбұлақ» базары маңындағы заңсыз автотұраққа ішкі істер басқармасымен бірлесіп нүкте қойылады. Бұдан бөлек «Құрсай» елді мекенінде жыл соңына дейін 500 орындық мектеп пайдалануға берілмек. Ал келер жылы инвесторлар есебінен балабақша салу жоспарланбақ.
Эфир соңында аудан әкімі Бұхарбай Парманов әрбір тұрғын әкімдікке өзін мазалаған сауалды жолдап, оған тұщымды жауап алғысы келсе, уақыт оздырмай 39 02 00 байланыс орталығына хабарласуын ескертті.

 

Р.Полатбекұлы