ТҮРКІСТАНДА ТУРИЗМ қалай ДАМуДа?
Түркістан қаласы облыс орталығы болып құрылғаннан бері (2018 жылдың 19-маусымы) қала тізгінін қолына алған үшінші әкім Нұрбол Тұрашбеков осы аптада есеп берді. Ағымдағы жылдың 9 айында қалада атқарылған жұмыстарға шолу жасаған Нұрбол Әбдісаттарұлы Түркістанда түйіп-түйіп айтар тындырылған тірліктер жетерлік екенін жеткізді. Бұл тұрғыда нақты мысалдарды келтіруден бұрын қала әкімі Елбасының «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан» деген ойын темірқазық етіп, киелі шаһардың рөлін екшеп өтті.
Сонымен есепті мерзім ішінде Түркістанда жалпы өңірлік өнім көлемі 158,5 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20,5 пайызға артты. Өңірлік өнім көлемінің 13,6 млрд.теңгесі өнеркәсіп саласына, 5,6 млрд.теңге ауылшаруашылық саласына, 95,1 млрд. теңгесі орындалған құрылыс жұмыстарына, 44,2 млрд.теңгесі тауар айналымы және қызметтерді өткізу көлеміне тиесілі болған. Қаланың негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 200 542,9 млн. теңгені құрады. Оның ішінде, республикалық бюджет есебінен 22606,5 млн.теңге, жергілікті бюджет есебінен 60521,3 млн. теңге, 99422,8 млн.теңгесі ұйымдардың өз қаржысы есебінен, сондай-ақ банк несиелері есебінен 394,5 млн.теңге, басқада қарыз қаражаты есебінен 17597,8 млн.теңге.
Биыл қалада өнеркәсіп саласында құны 2 млрд 754,0 млн.теңгені құрайтын 4 жоба іске қосылған. Олар «Turkestan Textile» БК», «Euro Blok Production», «Спецстрой», «EKP-Group 878» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Соның есебінен 1367 жұмыс орны құрылған.
Қала экономикасының негізгі драйвері болып табылатын шағын және орта бизнесті қолдау бағытында 2021 жылдың 9 айында «Ырыс» МҚҰ» ЖШС-і 116,0 млн. теңгені құрайтын 11 жобаны қаржыландырған. Былтыр осы мерзімде 16 жоба қаржыландырылған. Қала басшысы биыл несие алушылар санының кемуін карантиндік эпидемилогиялық шаралармен байланыстырды.
Естеріңізде болса, жуырда ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Түркістан облысында туризм саласын дамыту үшін 80,8 млрд теңге бөлінгені, бұл Қазақстандағы басқа 16 өңірдегі туризм саласын дамытуға бөлінген қаржымен (86 млрд) пара-пар екені туралы ақпарат таратылған. Сарапшылар Түркістанның туризм саласын дамытуға бағытталған қаржы үмітті ақтамады деп өз пікірлерін білдірген. Ал жергілікті билік бұл пікірдің жаңсақ екенін мынадай сандармен сөйлетеді.
Былтыр осы мерзімде Түркістанға келген туристердің саны 615 211 адамды құраса, биыл бұл көрсеткіш 82,8 пайызға артқан. Қаланың туристік әлеуетін арттыруда теңдесі жоқ «Керуен-сарай» кешені іске қосылды. Сондай-ақ 510 орындық драма театры жұмысын бастап, алғашқы спектакльдерімен көрермендерін қуантты. Былтыр жылжабар желтоқсан айында алғашқы жолаушыларын тасымалдаған әуежай жұмысы қарқын алды. Сол уақыттан бастап осы жылдың қараша айына дейін әуежай терминалы арқылы барлығы 230 547 жолаушы сапар жасаған.
Бүгінде қалада 11 киелі нысан мен мұражай, 6 рухани-мәдени нысан, 4 туроператор қала қонақтарына тиісті қызметті талап деңгейіне сай ұсынуда. 2021 жылы қаңтар-қыркүйек айларында Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристер саны 1 124 503-ға жетті.
Қалаға табаны тиетін туристер санын одан әрі көбейту үшін оларға қажетті жағдайлар жасау керек. Осы бағытта «https://turkistantour.com» интернет порталында қаладағы тамақтану, орналастыру орындары, мәдени-тарихи орындар бойынша мәліметтер толықтырылып, сайтта қонақ үй, трансфер қызметі, кафе-ресторандары брондау жүйесін енгізу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Тамақтану орындарында мәзірлерді 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) әзірлеу жұмыстары атқарылды. Мұражайдағы суреттер, жәдігерлер туралы ақпараттар ағылшын, түрік және қазақ тілдерінде аудиогидке енгізіліп, аралайтын экспедиция маршруты нөмірмен белгіленіп, реттелді. Теміржол вокзалы мен әуежайда Түркістан қаласы бойынша таныстыру ақпарат мағлұматтарды аутсорсинг компанияларымен жарнамалау жұмыстары атқарылды. Бұл жергілікті тұрғындар үшін ұсақ, елеусіз дүние болуы мүмкін. Бірақ өзге жерден келген қонақтар үшін мұндай детальдарға ден қойылғаны үлкен рөл ойнайтыны маңызды.
Туристерге қолайлы қала болуы үшін жыл басынан бері Түркістанда 11 орналастыру орны (хостел) ашылды.
Түркістан қаласында тек туризм саласына емес, ауыл шаруашылығы саласына да екпін берілген. Ағымдағы жылдың 9 айында ауыл шаруашалығы саласында жалпы 5 млрд. 583 млн. теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде, мал шаруашылығында 2 млрд. 294 млн. теңгенің, егін шаруашылығында 3 млрд. 290 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, жалпы нақты көлем индексі 95,6%-ды құрады. Қала аумағында көлемі 2,74 гектарға орналасқан 12 бірлік фермерлік жылыжай бар. Жылыжай алқабынан 47 тонна қызанақ, 165 тонна қияр өнімі жиналған.
Қаланың 2021 жылға арналған бюджеті 131,8 млрд. теңгены құраса, 9 айдың қорытындысымен 90 млрд.395 млн.теңгеге орындалған.
Облыс орталығының инженерлік инфрақұрылымы бойынша атқарылған жұмыстардың ретіне тоқталсақ. Қазіргі таңда қала тұрғындарын құбыр суымен қамту көрсеткіші 98,5%-ы құрап отыр. Бұл бағыттағы мәселе түпкілікті шешімін табу үшін бірқатар нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүруде. Қала басшысының сөзінше 2025 жылы қала тұрғындары сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз етілетін болады.
2021 жылдың 1-қаңтарына дейін Түркістан қаласындағы жобалау-сметалық құжаттамаларына сәйкес, бос жер телімдерін қоса алғанда 52 037 абонент үшін табиғи газды пайдалану қолжетімді болды. Қазіргі таңда 33 937 абонент дербес шот ашып, газ пайдалануда.
Қала тұрғындарының электр қуатымен қамытлуы 99,8 пайызды құрайды. Оның ішінде 39 900 абоненттің 31 617 абоненті, яғни, 86,4% сапалы электр қуатымен қамтылған. Жергілікті халықты толықтай сапалы электр қуатымен қамту мақсатында 3 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
Өз баяндамасында Нұрбол Трашбеков тұрғын үй құрылысы мен қоғамдық қауіпсіздік бағытында атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті.
Қалада атқарылған жұмыстар аз емес. Бірақ шешімін күтіп отырған мәселелер де жетерлік.
Биыл елімізде жүргізілген үшінші халық санағының алдын ала болжамы бойынша қала халқының саны 223 мыңға жеткен. Оның ішінде экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны 62773 адамды құрайды.
Әкімге артылар жауапкершіліктің бірі жұмыссыздық мәселесін шешу. Қазіргі таңда қалада 3687 адам жұмыссыздар санатында.
Одан өзге қаланың орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылуы 26,8 пайызды немесе барлығы 10077 абонентті құрайды. Сонымен қатар қала аумағындағы жалпы 845 шақырым жолдың 310,3 шақырымы ғана асфальтталған. Жарығы жоқ көше тағы көп.
С. ИБРАГИМОВА.