ТӨРТ МЫҢНАН АСА ЗЕЙНЕТКЕР ШИПАЖАЙҒА ЖІБЕРІЛДІ
Жыл басынан бері Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан шипажайда ем қабылдау үшін 4126 зейнеткерге жолдама берілген.
Жолдама алған азаматтар Шымкент қаласының «Денсаулық» шипажайына, Түлкібас ауданының «Ақсу-Жабағылы» және Тараз қаласының «Айша бибі» шипажайларына жіберілуде.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы ардагерлермен жұмыс жөніндегі бөлімінің мәліметінше, санаториялық-курорттық емдеу Ұлы Отан соғысының қатысушыларына және оларға теңестірілген тұлғаларға, зейнеткерлік жастағы «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне тегін беріледі. Ал, зейнеткерлер болса жолдама құнының 50 пайызын төлейді.
Шипажайларға жолдама беру жұмыстары мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жүзеге асырылады. Жолдама алу үшін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына (Бәйтереков көшесі, №89 мекен-жайы) өтініш қалдыру қажет. Жолдама кезек бойынша беріледі. Кезекке тұру үшін жеке куәлік және 068 нысанындағы анықтама қажет.
Айта кетейік, үшінші мегаполисте зейнеткерлер саны 82 351 болса, оның ішінде: ҰОС ардагерлері — 12, тыл еңбеккерлері – 2 848, көпбалалы аналар («Алтын алқамен», «Күміс алқамен» марапатталған) — 10 653.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан ардагерлерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары осымен түгесілмейді.
Атап айтқанда, биыл 8 наурыз «Халықаралық әйелдер күніне» орай «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Ардақты ана», сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған 10 364 көпбалалы аналарға 149,7 млн. теңге әлеуметтік көмек төленді. Наурыз мейрамы қарсаңында қаза тапқан әскери қызметшілердің 175 отбасыларына 2,5 млн. теңге әлеуметтік көмек төленді.Отан қорғаушылар күніне орай Ауғанстанға жіберілген әскери міндеттілер, 1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардаптарын жоюға қатысқандар, Семей полигонынан зардап шеккен барлығы 2 120 азаматқа 222,6 млн. теңге әлеуметтік көмек төленді.
Одан өзге 9-мамыр Ұлы Отан соғысының Жеңіс күніне орай 3 417 тыл еңбеккерлеріне жалпы 119,6 млн. теңгеге әлеуметтік көмек төленді. «31 мамыр – Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнiне» мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын саяси қуғын-сүргiн құрбандарына, саяси қуғын-сүргiннен зардап шеккен 1 306 адамға 19,0 млн. теңге әлеуметтік көмектер төленді.
Ай сайын 80 жастан асқан жалғызілікті 129 қартқа 2 АЕК-тен (5 834 теңгеден) 6,8 млн. теңге әлеуметтік көмектер төленуде.