БОЛАТБЕКОВ МӘСЕЛЕНІ ШЕШЕ МЕ ӘЛДЕ ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТЕ МЕ?
Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов депутаттар Талғат Балтабаев, Айжан Наимбекова және Ғани Қанжігітпен бірге Асар-2 шағын ауданының тұрғындарымен кездесу өткізген болатын. Ондаған адам жиналған жиында шағын аудандағы инфрақұрылым мәселесі сөз болды. Тұрғындардың айтуынша, тиісті сала мамандары жарық, су мен газдың келетін уақытын кері шегеріп келеді.
«1 ай күтіңіз», «жақында келеді» деген сынды құр сөз бен құрғақ уәдеден шаршаған тұрғындар талай табалдырықты тоздырған. Сан түрлі сылтаудан сабыры сарқылған жұрт инфрақұрылым мәселесі нақты қашан шешілетінін сұрады. Себебі көгілдір отынның күзде келетініне сеніп, көмір алмаған жұрт күздің қара суығы мен қыстың аязында жылусыз қалмаудың қамына кірісуі керек.
Жиында Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков те төбе көрсетті. Тұрғындардың талап-арызына жауап беріп, жұмыстың атқарылып жатқанына тоқталды. Оның сөзінше, су қазіргі уақытта шағын ауданға келген. Дегенмен құбырды шайып, қысымын тексеруге біраз уақыт қажет. Көгілдір отынның құжаттамасы бірнеше айға созылуы мүмкін. Жарық жуық арада беріледі. Жиынды жүргізген Бахадыр Нарымбетов жарық, су және газ мәселесінің шешілуіне қатысты нақты уақыт белгілеуді ұсынды.
Жиын соңында тұрғындар мен тиісті сала мамандары келісімге келді. Су мен жарық мәселесі алдағы 1 айдың ішінде шешімін табуы керек. Ал көгілдір отын ақпан айында беріледі. Тұрғындар басқарма басшысынан уәде орындалмаса не істейтінін сұрады. Боранбай Нығметұлы көпті күттірген жоқ. Сөздің үдесінен шықпаса, қызметтен кетуге дайын екенін жеткізді.
Боранбай Болатбеков сөзінде тұрып, асарлықтардың мәселесін шеше ме әлде қызметінен кете ме?! Уақыттың еншісінде…