ЖЕЛТОҚСАНДА 290 АВТОБУС ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Осы аптада Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов қала әкімдігінің инстаграм парақшасында тұрғындар сұрағына жауап берді.

Тікелей эфир кезінде басқарма басшысы ағымдағы жылдың 10 айында атқарған жұмыстарына қысқаша тоқталып өтті. Ол биыл қалада 49 шақырым жолда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланғаны, қазіргі таңда 40-тан астам шақырым жол пайдалануға берілгенін айтты. Жобалық-сметалық құжат аясында осы жылы 165 шақырым жолда орташа жөндеу жұмыстары қолға алынғанын, бүгінде 85 пайызы аяқталғанын мәлімдеді.
Оның сөзінше биыл 250 аялдаманы жаңарту жоспарланғанын, бірақ Республика мен Т. Рысқұлов көшелеріндегі жөндеу жұмыстарына сәйкес барлығы 288 аялдама жаңарған. Қазіргі таңда қалада 1880 аялдама бар. Былтырмен қоса есептегенде қалада 500-ден аса аялдама жаңартылған. Аялдамалардың барлығын жаңарту 2025 жылға дейін кезең кезеңімен жүзеге асады.
Демонтаж болған 158 аялдама «Ақтас-2», «Көкбұлақ» және «Қайнарбұлақ» сынды шалғайдағы елді мекендерге орнатылған.
Тікелей эфир кезінде Ержан Жолдасов «Тротуарларды жаңарту кезінде ескі тас төсемелер қайда кетеді?» деген сұраққа «Төрт аудан бойынша ағымды жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекемелерге тапсырылады» деп жауап берді.
Биыл бюджеттен бөлінген 1 млрд 100 млн теңгеге шағал тас төсеу жұмыстары жоспарланған. Топырақ жолдарға шағал тас төсеу жұмыстары 90 пайызға орындалған. Бүгінде Қаратау және Еңбекші аудандары бойынша 148 шақырымға шағал тас төселген. Ал Абай және Әл-Фараби аудандары бойынша 90 шақырым жолға шағал тас төселген. Басқарма басшысы қоғамдық көлікке қатысты біраз ақпараттар хабарлады.
2020-2021 жылдары Шымкентке «Yutong» маркалы 590 автобус әкелу жоспарланған. Қазіргі таңда 300 автобус пайдалануға берілген. Желтоқсан айының 10-15 аралығында қалған 290 автобусқа халық игілігіне берілетін болады. Соған сәйкес бұрын тоқтап қалған №109,104 маршруттардың бағыты бойынша жолаушылар тасымалына автобустар шығатын болады. Қалада кейбір қоғамдық көліктерде жолаушылардың бәрі бірдей сыймай қалатыны туралы шағымдар жиі түседі. Оларға «Тұран» шағын ауданынан жүретін №17, «Құрсай» шағын ауданына баратын №21 және №133,158 және т.б маршруттарды жатқызуға болады. Бұл мәселені шешу үшін бұл бағыттағы қоғамдық көліктерді «Yutong» маркалы автобустардың үлкеніне ауыстыру жоспарланып отыр.
Өз кезегінде қала тұрғындары Ержан Жолдасовқа жолдаған сұрақтарында бірқатар мәселені көтерді. Атап айтқанда, «Нұршуақ» елді мекеніне автобустың қашан жүретінін сұраған тұрғынға басқарма басшысы аталған аумаққа желтоқсан айында №71 нөмірлі автобус жүретінін айтты.
«Шымкент құс» фабрикаларының аялдамалары қашан ауысады?» деген сұраққа «2025 жылға дейін автомобиль жолдарын дамыту кешенді схемасы іс- шарасы бекітілген. Соған сәйкес, аялдамаларды жаңарту кезең-кезеңімен іске асады» деп жауап қатты.
«А. Байтұрсынов көшесіндегі аялдамалар жиі орналасқан. Сондықтан да көлік кептелісі туып жатыр деген» кезекті тұрғынның көтерген мәселесіне басқарма басшысы ережеге сәйкес аялдамалардың орналасуы 400-800 метр аралығында болуы тиістігін, аталған көшеде бұл талап сақталғанын алға тартты.
Одан өзге 112 орамға қатынайтын бұрынғы №109 маршрутты қайта бағытқа қосу туралы ұсынысқа алдағы уақытта ол жерге жаңа маршрут ашу жоспарланғаны айтылды.
Сондай-ақ, №65 бағытта жүретін автобустардың ескі екеніне шағым айтқан тұрғындар да болды. Өз кезегінде сала басшысы «№65 бағыт бойынша жолаушылар тасымалдайтын автобустар «Санжар Моторс» компаниясына тиесілі. Ондағы автобустарды жаңарту бойынша мекеме басшысына талап қойылды. Егер келер жылы бұл талап орындалмаса, аталған бағытты басқа тасымалдаушы компанияларға ұсынатын боламыз» деп жауап берді.