ТҮЛКІБАС ТӨРІНДЕ АЙТЫС ӨТТІ

Түркістан облысы, Түлкібас ауданында «Түлкібас – құтты мекен» атты облыстық ақындар айтысы өтті. Ақындар айтысы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Түлкібас аудандық «Шамшырақ» газетінің 90 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Шараға елімізге танымал Біржан Байтуов, Тұрар Тілеулиев, Қажымұқан Абзалов, Дәурен Ақсақалов, Серік Жұмаділ, Абылай Құлтай, Нұрғали Әнапия, Сапархан Аллажар сынды төл өнердің тарландары қатысты.
Ақындар еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін, Түркі әлемінің рухани астанасы атанған – Түркістанның жетістіктерін насихаттады. Жалпы жүлде қоры-1 000 000 теңге.
Айтыс қорытындысы бойынша әділ қазылар алқасының шешімімен бас жүлде 300 000 теңге сыйақы Түлкібас ауданының өрені, жас айтыскер ақын Серік Жұмаділге бұйырды. Ал бірінші орын Түркістан қаласынан келген Тұрар Тілеулиевке табысталды. Екінші орынды бәйдібектік Қажымұқан Абзалов пен шымкенттік Біржан Байтуов иеленді. Сарыағаштық Нұрғали Әнапия, Төлеби ауданының тумасы Абылай Құлтай мен Шымкент қаласы атынан қатысқан Сапархан Аллажар үшінші орынды місе тұтты.