ҚАЛА КҮНІНЕ ОРАЙ КІТАП ЖӘРМЕҢКЕСІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Түркістан қаласында «ПарақTimes» кітап жәрмеңкесі өтті. Қала күні мерекесіне орай ұйымдастырылған шара қала әкімдігі мен «Серпіліс» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Екі күнге жалғасқан кітап жәрмеңкесінің ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов пен Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков қатысты. Олар іс шараға жиналған жұртшылықты Қала күні меркесімен құттықтап, ізгі тілектер айтты.
Кітап жәрмеңкесінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларының баспа үйлері, кітап дүкендері мен кітапханалары оқырмандарға кітаптарын ұсынды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақын-жазушылар, жас қаламгерлер түркістандық оқырманмен жүздесті. Атап айтсақ, Ерлан Жүніс, Серікбол Хасан, Есболат Айдабосын, Айдар Сейдәзым, Абай Қалшабек, Мұқағали Кенжетайұлы және өзге де ақын-жазушылар шығармаларынан шашу шашты. Басты ұйымдастырушының бірі Бейсенкүл Нарымбетова оқу мәдениетін жоғалтуға болмайтынын айтып, іс-шараның маңыздылығына тоқталды. Шарада бірқатар жаңа туындылар таныстырылды.
Көрмеде «Қазақ энциклопедиясы», «Қызмет», «Отбасы хрестоматиясы», «Шашу», «KHAN COMICS», «Қазбілім», «Шың» «Shygylakitap» баспа үйлері мен Түркістан облысындағы кітапханалардың кітаптары жұртшылыққа ұсынылды.