КЕЛЕСТЕ ЖЕРДІҢ МАҚСАТТЫ ПАЙДАЛАНУЫ БАҚЫЛАУДА

Барлығы 12 ауылдық округке біріктірілген Келес ауданында жерді пайдалану заңдылықтарының сақталуы және бос жерлерді түгендеу жұмыстары жанданды. Бұл бағыттағы жұмыстар ауданның Жүзімдік, Ошақты, Ақтөбе, Бірлік және Біртілек ауылдық округі аумағында жүргізілді. Бүгінде түгендеу жұмыстары Қошқарата ауылдық округі аумағында жалғасуда.
Аталған ауылдық округтерде елдің ен байлығын түгендеу жұмыстары кезінде бірқатар бос жер телімдері анықталған. Күрек тимеген телімдерден бөлек, бірқатар шаруа қожалықтарының телімдерді пайдалануға құқық беретін қаулы немесе шешім сынды құжаттарсыз-ақ жер-анадан несібе айырып отырғаны белгілі болған.
Анықталған кемшіліктер бойынша аудан әкімдігіне ұсыныстар дайындалуда. Ауданда жерді мақсатты пайдалану мәселесі бақылауда тұр.
Келес ауданы әкімдігінің қаулысы негізінде шаруа немесе фермерлерге жерді мақсатты пайдалану бойынша тиісті жағдайлар жасалуда. Атап айтсақ, оларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы 151 жер учаскесін қайта айналымға қосу үшін өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөнінде үш конкурс өткізілді. Өткізілген конкурстар нәтижесінде 6 мың гектардан аса жер телімі жеке және заңды тұлғаларға берілді. Онда кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, өңір экономикасының алға жылжуына үлес қосады.