«Жолдау — өңірдің дамуына тың серпіліс береді»
Пандемия әлем елдерінің экономикасын титықтатып, салалардың тұралауына себеп болды. Әлемнің түкпір-түкпірінде кәсіпорындардың бірінен соң бірі банкроттығын жариялап жатты. Әлем жауапты да сындарлы сәтке қадам басты. Әр ел өзінің экономикасын тұрақтандырып, әлеуметтің әлеуетін көтеру мақсатында түрлі бастамаларды қолға алды. Бұл тұрғыдан келгенде, мемлекетіміздің берген мүмкіндіктері орасан зор болды деуге болады. Шағын және орта бизнестің әрі қарай дамуы мен әрбір азаматтың қалыпты өмір сүруіне жағдайлар жасалды.
Нәтижесінде әлемдегі алмағайып ахуалдың салқыны сезілгенімен, салмағы ауыр тиген жоқ. Дегенмен қоғам мен әлем бір орында тұрмайды. Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 1 қыркүйегінде «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Бұл – мемлекеттің пандемиядан кейінгі кезеңдегі дамуын айқындайтын cтратегиялық маңызы зор құжат. Экономикалық дамудың нақты жолдары мен қадамдарын белгілеген негізгі 7 мәселе мен 5 бастама қордаланған күрделі мәселелерді шешіп, барлық салаларға жаңа серпіліс береді деп есептеймін.
Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында білім беру саласында жаңа реформалардың жүзеге асырылатынын атап өтті. Осыған орай, алдағы уақытта педагогтардың біліктілігін арттыру, дарынды балаларға конкурстан тыс гранттар бөлу, әлеуметтік осал топтағы балаларды қолдау сынды бағыттарға ерекше назар аударылып, орта білім беру жүйесіндегі өткір мәселелердің бірі – мектептердегі орын тапшылығы кезең-кезеңімен өз шешімін табатынын жеткізді. Бұл жағдайда Президентіміз республика көлемінде 225 мың оқушыға орын жетіспейтінін негізге алып, 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу туралы міндетті жүктеді. Биылғы жаңа оқу жылында облыс бойынша 51 400 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Республика бойынша 1-сыныпқа барған ең көп оқушылар саны Түркістан облысына тиесілі. Әрине, бірінші кезекте балаларды толық оқу орнымен қамтамасыз етпей тұрып, заман талабына сай білім беру мүмкін емес. Осы тұста, облыс тарапынан бұл міндеттемелер орындалып келетінін айтқым келеді.
Ағымдағы жылы облыс бойынша 78 мектептің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде биыл 2 апатты және 1 үш ауысымды мектептің мәселесі шешіледі. Түркістан қаласында 720 орындық Назарбаев Зияткерлік мектебі салынып, 700 оқу орындық және 500 орындық жатақханасымен «Дарын» мектеп-интернатының құрылысы жүргізілуде.
Сонымен қатар Түркістан қаласы мен Бәйдібек, Төлеби, Жетісай аудандарының орталығынан 4 заманауи мектептің құрылысы жүргізіледі. Бүгінде мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыста 905 мемлекеттік мектеп толығымен бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда білім саласына қатысты берілген міндеттер мен тапсырмаларды Түркістан облысы өз деңгейінде атқарып келеді.
Сондай-ақ мемлекет басшысы Жолдауда «Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр. Бұл – кезек күттірмейтін шаруа» деп атап өтті. Шындығында да, әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп барады. Адамзат үшін тың, жаңа салалар қоғам өміріне дендеп сіңуде. Сондықтан білім бағдарламалары заман ағымына сай ұдайы өзгеріп, жаңарып отыруы тиіс. Бұл мақсатты жүзеге асыруда тиісті министрлік пен басқармалардың еңбегі орасан. Атқарылып жатқан шаруа да аз емес. Халық қалаулысы ретінде жасалып жатқан жұмыстар жайын үнемі бақылап келеміз.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын мемлекеттің пандемиядан кейінгі кезеңдегі дамуын айқындайтын cтратегиялық маңызы бар құжат деп есептеймін. Жолдау саяси, мәдени, әлеуметтік және экономикалық дамудың нақты жолдары мен қадамдарын белгілеген негізгі 7 мәселе мен 5 бастаманы қамтып отыр. Жолдауда көрсетілген пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму мәселесіне тоқталып өтсем. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті қолдау шараларын әрі қарай жалғастыруды тапсырды.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев экономиканың драйвері ретінде шағын және орта бизнесті дамытуға әр уақытта аса үлкен мән берді. Елбасының бастамасымен қабылданған бағдарламалар бүгінде еліміздегі жұмыссыздықтың деңгейін төмендетуге, нарыққа қажетті тауарларды жеткізуге, экономиканы тұрақтандыруға үлкен септігін тигізіп, өз нәтижесін берді. Сондықтан да Президентіміз «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының қолданылу мерзімін 2022 жылға ұластыру туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Расында, бүгінгі таңда Түркістан облысының тұрғындары осы бағдарламалардың пайдасын көріп жатыр десек, артық айтпаған боламыз. Ағымдағы жылдың 8 айында «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 41,7 млрд теңгеге 307 жоба мақұлданды.
Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында 2 мыңға жуық жоба қаржылай қолдау тапты. Атап айтқанда, 1 мыңға жуық кәсіпкер 27,3 млрд теңгеге 6%-дық несиемен қамтамасыз етіліп, 900-ден аса кәсіпкер мемлекеттік кепілдендіру арқылы кепілсіз несие алды. Республика көлемінде аталған бағдарламаларды жүзеге асыру жағынан Түркістан облысы көш бастап тұр.
Осы орайда, Президенттің бұл бастамаларды жалғастыруға қолдау білдіруі Түркістан облысының кәсіпкерлік саласының одан әрі дамуына тың жол ашуда деп ойлаймын. Мемлекет басшысы Жолдауда азық-түлік тауарларының бағасын белгілеудің және оны бөліп-таратудың тиімсіз жүргізілуін басты назарға қойды. Ол бұған дейін де көтерме-тарату орталықтарының желісін құрудың маңыздылығын атап өтіп, бағаның халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз етуді тапсырған болатын.
Бүгінгі таңда Президент тапсырмасын жүзеге асыру аясында Түркістан облысының орталығында заманауи және жабық үлгідегі Экобазардың құрылысы жүріп жатыр. 3000-ға жуық заманауи сауда сөрелерінің 1000-ға жуығы азық-түлікке арналған. Ет-сүт, балық, көкөніс, жеміс-жидек түрлері көтерме бағамен сатылатын болады. Жергілікті және өзге өңірлердің диқандары мен тауар өндірушілері мұнда өз өнімдерін бір қолдан, делдалдарсыз тікелей сату мүмкіндігіне ие болмақ. Осыған орай, базарда сауда орындарынан бөлек, тоңазытқыш орнатылған 200 қойма орны болады. Соның арқасында күзде жинаған өнімді келесі маусымға дейін халыққа арзан бағамен сатуға мүмкіндік туады. Бүгінде Атырау, Қостанай өңірлерінің тауар өндірушілері Түркістан қаласында өз өнімдерін саудалауға ниетті. Өз кезегінде, Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар Президент Жолдауына тың серпіліс береді деген ойдамын.
Қорыта келгенде, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттің пандемиядан кейінгі кезеңдегі дамуын айқындайтын бағыттар мен мәселелер толық қамтылған. Өткір де өзекті мәселелерді атап өткен мемлекет басшысы нақты да маңызы мол міндеттерді қойды. Бұл еліміздің дамуына тың серпін береді. Білім саласының бәсекеге қабілеттілігі артып, шағын және орта бизнес жаңа деңгейге көтерілсе, әлеуметтің де әлеуеті артып, тұрмысы түзелері хақ. Маңызды құжатта көрсетілген бастамалар мен бағыттарды бірлесе жүзеге асыруға шақырамын.
Егемендігіміздің 30 жылдығы құтты болсын. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биіктей берсін деп тілеймін!
Қайрат Балабиев,
Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы.