«ЖОЛДАУ — ҚОҒАМДАҒЫ ҚОРДАЛАНЫП ҚАЛҒАН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ҚАМТЫП ҚАНА ҚОЙМАЙ, НАҚТЫ МІНДЕТТЕР ҚОЙҒАН МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТ»

Әлеуметтің әлеуетін арттыратын басты саланың бірі – кәсіпкерлік. Шағын және орта бизнес ел экономикасын өрге сүйрейді. Тұрғындардың табысын арттырады. Жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болады. Дегенмен пандемия аталған саланың дамуына біраз тұсау болды. Сондықтан бірқатар мемлекеттер кәсіпкерлердің шығынға батпауы үшін түрлі жеңілдіктер қарастырып, қолдан келер мүмкіндікті аяған жоқ. Елімізде де кәсіпкерлік саланың кері кетпеуі үшін көптеген игі шаралар атқарылды. Рас, салада мәселе де жоқ емес. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2021 жылдың 1 қыркүйегінде жариялаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында да атап өтті.

 

Маңызды құжатта көрсетілген мәселелер мен міндеттер салаға жаңа серпін береді деп есептеймін. Толығырақ тоқталайық…
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының ағымдағы жылдың қыркүйек айында жариялаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын қарапайым тұрғындардан бастап түрлі сала мамандарына дейін асыға күтті. Себебі пандемиядан кейін әлем күрт өзгерді. Қалыптасып қалған дәстүрлі жүйелердің дені маңызын жоғалтты. Тың әрі жаңа қоғамдық институттар пайда болды. Сондықтан қоғамның барлық саласында белгілі бір деңгейде қиындық туғызды. Бұл салалардың қатарында кәсіпкерлік те бар. Мемлекет басшысы аталған сала бойынша бірқатар өзекті түйткілдер мен оның шешілу жолын атап өтті. Яғни, бюджеттің кірісін арттыру үшін шаралар қабылдау, мемлекеттік шығыстардың ауқымын және оның тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау, экспорт географиясын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыру, геологиялық ақпараттың ашық цифрлық мәліметтер базасын құрып, оны инвесторлар үшін қолжетімді ету қажет екеніне тоқталды. Бұдан бөлек, қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүргенін, Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдау қажет екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы маңызды құжатта «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оны жүзеге асыру барысында 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылды. Сондай-ақ 70 мың жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңге болды.

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізді» деп атап өтті. Шынымен де, аталған бағдарламалар арқылы кәсібін ашып, дөңгелетіп отырған азаматтар көп. Бағдарламалар отандық өнімнің ауқымын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болды. Өңірімізде де «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламалары арқылы кәсіп ашып жатқан тұрғындар көп. Мұның өзі салаға серпін берді.
Ауыл шаруашылығына келсек, салада қордаланған күрделі мәселелер бар. Мұның өзі азық-түлік бағасының қымбаттауына себеп болып отыр. Түйткілді түйін ауыл шаруашылығы саласында кәсіп бастауға ниетті азаматтарға кедергі болып жатқаны жасырын емес. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда «Қазақстанның ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор екені көп айтылады. Бірақ агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проблемалар да аз емес. Ең алдымен, бұл – азық-түлік тауарларының бағасын белгілеудің және оны бөліп-таратудың тиімсіз жүргізілуі… Екіншіден, ауа-райының қолайсыздығы мал шаруашылығында түйткілді мәселелер бар екенін көрсетті. Біз жедел шара қабылдап, жем-шөп тапшылығына байланысты ахуалды реттедік. Дегенмен бұл салада әлі де жүйелі жұмыс атқару керек. Жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн. Сондай-ақ егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егу талабын сақтау үшін тиісті бақылауды күшейткен абзал» деді. Аталған саладағы мәселенің қоғам өміріне қалай әсер ететінін биыл іс жүзінде көрдік. Қуаңшылық салдарынан ет пен сүт, ауыл шаруашылығына тәуелді азық-түлік бағасы күрт қымбаттады. Алдағы уақытта да бағаның көтерілетіні айтылуда. Сондықтан бұл мәселенің маңызды екені даусыз.
Ауыл шаруашылығында кәсіп бастау туралы айтқанда, сапалы мамандар жайын ұмытпауымыз керек. Бұл да – түйткілді түйін. Себебі қазіргі уақытта жастар тарапынан аталған салаға қатысты мамандықтарды таңдау сиреп барады. Қызығушылық төмен. Ата-аналардың дені балаларын осыдан бірнеше жыл бұрын сұранысқа ие болған мамандықтарға оқытқысы келеді. Еңбек нарығымен санаспайды. Сондықтан мұның кесірі бүкіл саланың тұралауына әкеліп отыр. Осы күрделі мәселе шешімін тапса, ауылда жаңа жұмыс орындары ашылып, шалғайдағы әлеуметтің әлеуеті көтерілер еді. Бүгінгі күнде ветеринария саласын дамытуға айрықша назар аударуымыз тиіс. Аталған саланы дамытпай, ауыл шаруашылығында кәсіп ашып, жетістікке жету қиын. Мұны Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы да атап өтті. Бұдан бөлек, Жолдауда субсидияны рәсімдеу тәртібі түсінікті әрі толығымен ашық болуы, шағын және орта шаруашылықтар үшін субсидия толығымен қолжетімді болуы сынды өзекті де өткір мәселелер көтерілді. Аталған бағыттар мен міндеттер саладағы сапаны арттырып, шағын және орта бизнеске тың серпіліс береді деп сенемін.
Мемлекет басшысы еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру бойынша «Үкімет оңтүстіктен солтүстікке көшіп жатқан азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы тәсілдерін қайта қарауы керек. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек» деп атап өтті. Яғни, алдағы уақытта бизнеспен айналысқысы келетіндер үшін де көшуге жағдай жасалуы керек. Көшіп барған азаматтарды тұрғын үймен ғана қамтамасыз етіп қана қоймай, ауыл шаруашылығымен айналысуына да мүмкіндік жасаған жөн. Сонда ғана оңтүстіктен солтүстікке көшіп барған тұрғындардың сол өңірге сіңісуі жедел жүреді. Бұл саладағы бәсекені арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болады.
Сонымен қатар мемлекет басшысы Жолдауда «Мен биыл ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және олардың қатысы бар компанияларға сатуға және жалға беруге біржола тыйым салған заңға қол қойдым. Жер кодексіне қазақстандық инвесторларды ауыл-аймақтарды дамыту үшін қаржы салуға ынталандыратын түзетулер енгізілді. Бұл өзгерістер ауыл шаруашылығы жерлерін толық экономикалық айналымға түсіруге мүмкіндік береді. Шын мәнінде, осы шешімдердің барлығы агроөнеркәсіп секторына оң ықпал етеді. Соның арқасында ауыл шаруашылығы ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналады деп сенемін» деді. Инвесторларды тарту мәселесі ешқашан өзектілігін жоймаған, жоймайды да. Бұл бағытта атқарылып жатқан шаруа аз емес. Шетелдік инвесторларды тартып, қоғамның сан түрлі саласын қатар дамытуға жергілікті атқарушы билік тарапы ұдайы көңіл бөліп келеді. Шымкент қаласының инвестиция тарту бойынша үнемі көш басынан көрінетіні – мұның айқын айғағы. Бұл алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенемін.
Бұдан бөлек, маңызды құжаттағы 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны қазіргі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеру, қызметкерлерінің еңбекақысын көбейткен жұмыс берушілерге реттелмелі сатып алу жүйесі аясында жеңілдіктер беру, мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер сынды қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіру, бірыңғай тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу сынды міндеттер көптің көкейіндегісін тап басты. Аталған бастамалар әлеуметтің әлеуетін арттырып, тұрмысын түзеуге айрықша ықпал етпек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы – қоғамдағы қордаланып қалған өзекті мәселелерді қамтып қана қоймай, нақты міндеттер қойған маңызды құжат. Сондықтан кемел келешекке қадам басу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Әсіресе, халық пен билік арасындағы алтын көпір қызметін атқарып жүрген депутаттарға артылар жүк ауыр. Десе де ерік-жігері мықты әріптестерімнің Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыруға келгенде кез келген істің үдесінен шығарына сенімім мол!

 

Ноян Төлегенов,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, «Ақ жол»
партиясының фракция жетекшісі, Шымкент қаласы
мәслихатының инвестиция және қалалық жайлы ортаны дамыту жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы.