АЛДАНҒАН ЕМЕС, АЛДАҒАН КІНӘЛІ. Неге билік алдымен қаржылық ұйымды емес, халықты қинайды?
Өткен жылдың басында еліміздің біраз өңірінде «Гарант 24 Ломбард», «Estate ломбард» және «Выгодный займ» қаржылық ұйымдарына қатысты шу шыққаны белгілі.
«Бірер айдың ішінде жылжымайтын мүлік пен ақша салған салымшының табысын арттырып, қалтасын қалыңдатамыз» деп үйдей уәде берген әлгі қаржылық ұйымдар, еліміз бойынша мыңдаған тұрғынның ақшасын алып, із суытып, ауыздарын күншығысқа қаратып кеткені белгілі. «Салған ақшаңызды бір айдың ішінде 30-40 пайызға өсіріп, өзіңізге қайтарамыз» деген тәтті уәдеге сенген былайғы жұрт қаржы ұйымдарына бар жиғанын өз қолдарымен апарып санап берген. Кейбірі басындағы баспанасын, енді бірі көлігін өткізген. Біразы салымшы болу үшін екінші деңгейлік банктерден несие алған. Алданғандарын түсінгеннен кейін есі екеу, түсі төртеу болған азаматтардың амалы таусылып, құқық қорғау органдарының есігін қағады. Соған сәйкес аталған ұйымдардың басшылары мен қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалады.
Осылайша бәлен жерде алтынның бар екеніне сеніп, барса бақыр да жоқ екенін кеш түсінген салымшылар болса қаржылық ұйымға салған ақшаларының орнын жаба алмай сандалып, табанынан тозып жүр.
Мәселен, жуырда Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Талғат Балтабаевтың қабылдау бөлмесіне «Гарант 24 Ломбард» қаржылық ұйымдарынан зардап шеккен бір топ тұрғын келді. Олар депутатқа төмендегідей жанайқайын жеткізді.
– «Гарант 24 ломбард» қаржылық ұйымына қатысты шудың шыққанына 2 жылға жуық уақыт болды. Бірақ оған қатысты нақты шешім әлі шыққан жоқ. Есесіне салымшы болу үшін банктен несие алған бір топ азаматтар сабылып жүр. Онсызда барынан айырылған азаматтар үшін ай сайын несие төлеу оңай емес. Қаржылық ұйымға алданып, басындағы баспанасынан да айырылып, кісі есігін жалдап жүргендер үшін несие төлеу былай тұрсын, ай сайынғы пәтер ақының өзі үлкен жүк. Ең сорақысы несиесін дер кезінде төлемегені үшін біраз азаматтардың карточкалары да бұғатталып, жығылғанға жұдырық болуда. Онсызда алданып, моральдық соққы алып, үлкен күйзелісте жүрген азаматтарымызға коллекторлық компания өкілдерінің қорқытып, үркітуі де жүйкемізді жұқартты.
Мүшкіл жағдайларын осылайша жеткізген олар депутаттан сот үкімі шыққанға дейін «Гарант 24-ломбард» қаржылық ұйымына алданғандар үшін несиелік каникул жариялауын немесе олардың пайыздық мөлшерлемелерін төмендетуді, банк карталарының бұғатталмауына ықпал етуді сұрады.
Жалпы халық қалаулысының қабылдауында болған бұл азаматтар мұндай өтінішпен бұған дейін құзырлы орган мен тиісті мекемелерге талай барған. Бірақ алған жауаптарына көңілдері толмайды. Мәселен, несиелік каникул жариялау немесе қарыз ақшаның пайыздық мөлшерлемесін мейлінше азайту туралы 30-дан астам азаматтың өтініштеріне Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз бойынша берешекті қайта құрылымдау және кешіру мәселесін қарау банктің ішкі ережелеріне сәйкес бөгде адамдардың араласуынсыз жүзеге асырылатыны туралы жауап жолдаған. Сонымен қатар аталған агенттік бұл азаматтар халықтың осал тобына жатқызылмағаны үшін оларға қандай да бір жеңілдік жасау қолайсыз екенін атап өткен.
Ал Шымкент қаласының прокуратурасы болса Шымкент қаласы бойынша «Гарант 24 Ломбард», «Estate ломбард» және «Выгодный займ» ЖШС-нің басшыларына қатысты ҚК-нің 217 бабы 3-бөлігінің 2)тармағымен тіркелген қылмыстық істер бір өндіріске біріктіріліп, негізгі қылмыстық іс (№207912031000745) болып танылғанын алға тарта отырып, «11.05.2020 ж. аталған қылмыстық іс ҚР ІІМ-нің Тергеу департаментіне жолданып, негізгі №201515031000011 қылмыстық іске біріктірілген. ҚР ІІМ Тергеу департаментімен «Гарант 24 Ломбард», «Estate ломбард» және «Выгодный займ» ЖШС-нің қызметкерлеріне ҚК-нің 217 бабы 3-бөлігінің 2) тармағымен, 262-бабының 2-бөлігімен, 190-бабы 4-бөлігінің 1,2) тармақтарымен және 214-бабының 1,2 бөліктерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген. Республика бойынша жалпы 56 тұлға, ал Шымкент қаласы бойынша 5 тұлға күдікті ретінде танылған (4 тұлғаға қатысты «күзетпен ұстау», ал 1 тұлғаға қатысты «ешқайда кетпеу, өзін дұрыс ұстау» бұлтартпау шаралары қолданылған).
08.06.2021 ж. тергеп тексеру нәтижесімен қылмыстық іс ҚПК-нің 300-бабының талаптарына сәйкес айыптау актісімен Ақтөбе қаласының №2 сотына жолданған. Қазіргі таңда іс аталған сотпен қаралу сатысында» делінген 27.09.2021 жылы жолдаған жауаптарында.
Алаяқ компанияға алданғандардың бірі – Мария Асқарбекова. Ол басынан өткен бұл жағдай туралы былай дейді. «Жолдасым алты ағайынды. Олар диірмен салуға бел буып, оның ісін дөңгелету үшін біздің баспанамызды банкке кепілге қойып, несие рәсімдейді. Содан кейін диірменді жүргізе алмады. Тиісінше ай сайынғы несие төленбей тоқтап қалды. Ал банк өкілдері үйді аламыз деп есігімізді қақты. Одан соң біз несиені толық төлеу үшін басымыздағы жалғыз баспананы сатып, несиені жаптық. Оның үстіндегі ақшамызды үй алу үшін қозғамай ұстап отырдық. Солай жүргенімізде жолдастарымыздың үйінде отырыс болды. Ол жерде таныстығымызға бірнеше жыл болған жолдас келіншек «Гарант 24 Ломбард» туралы айтты. Бір миллион салсаң, бірер айдан соң ол соманы 35-40 пайызға өсіріп, 1 млн 400 мыңдай етіп қайтарады деп сендерді. Ол келіншектің баласы да құқық қорғау органында жұмыс жасайды. Бізге аталған қаржылық ұйымның құжаты заңды екенін, қала әкімінен Алғыс хат (авт.нақты қай әкім екені есінде жоқ) алғанын да жеткізді. Содан жолдасымыз екеуміз қолымыздағы ақшаны сол қаржылық ұйымға (Гарант-24) өткізіп, көбейтіп алуға бел будық. Себебі 14 млн-ға жуық қаржымыз жақсы үй алуға жетіңкірмей тұрған еді. Балаларға айтпастан, жолдасымыз екеуміз барып, құйып тастадық. Бұл – 2019 жылы болған жағдай. Бір айдан соң әлгі қаржылық ұйым жабылды. Содан бері екі жыл болды. Бармаған жеріміз қалмады. Барлық жаққа шықтық. Әкімдіктің алдына қанша бардық. Жыл басынан бері тегін адвокаттардың қызметі берілді. Адвокаттар бізді барлық хаттамалармен таныстырды» дейді басына біткен бір үйден айырылып, пәтер жалдап жүрген ол.
Ал Шалхаров Бағдан есімді 70 жастағы қария болса көршілерінің кеңесімен «Гарант 24 Ломбардқа» салымшы болып, құр қол қалғанын былай деп қынжыла жеткізеді. «Біздің бұл зарымыз бұған дейін де мемлекет басшысына жеткен. Бірақ осы күнге дейін нәтиже жоқ. Ақтөбеде сот болып жатыр. Сол соттан үміт күтеміз. Сотта әділ шешім шығарылып, қаржымыз қайтарылып беріледі деген үміт зор. Қазір еңбегімнің зейнетін көремін деген жаста осылай алданып қалғаныма қатты күйінемін. Ұл-қыздарымның алдында абырой кетті. 6 млн 800 мың теңге салған едім. Соқыр тиын да алмадым»,-дейді.
Ал Сиқымбекова Кенжайым есімді зейнеткер болса тұрғын үй жағдайын жақсартуға ниеттеніп, банктен 1,5 млн теңге кредит алып, салымшы болған екен. Енді кредитті төлей алмай күйініп жүр.
Өз кезегінде депутат Талғат Балтабаев бұйымтайын айтып келген бір топ азаматтарға «Сіздерді салымшы болу үшін банктен несие рәсімдеуге кім үгіттеді?» деген сауал қойды. Жиналғандар «Салымшы болсаң табысың әп-сәтте артады деген жарнама теледидарға шықты. Оның үстіне ел алдында жүретін жұлдыздардың да айтқан жарнамасына Құдайдай сендік»,- деді.
Бұған дейін дәлірегі, 22.02.2021 жылы Шымкент қаласының прокуратурасы қаржылық ұйымдарға («Гарант 24 Ломбард», «Estate ломбард» және «Выгодный займ») алданған азаматтардың шағымына сәйкес қозғалған қылмыстық іс бойынша жәбірленушілер саны 1842 тұлға екенін, олармен 4168 келісім шарт жасалып, соның ішінде 7 келісім шарт жылжымайтын мүліктерге, ал 186 келісім шарт автокөліктерге жасалғанын, аталған мүліктердің барлығына соттың қаулысымен тыйым салынғанын, келтірілген жалпы мүліктік залал 3 089 631 750 теңгені құрағанын мәлімдеген. Ендеше билік халықтың осыншама қаржысын қитұрқылықпен қалтаға баспақ болғандарды жазаға тартпас бұрын, халықты әуре сарсаңға салуға неге асығады? Елімізде түйені түгімен, биені бүгімен жұтқандарға да мемлекет тарапынан қайырым көрсетіліп, жеңілдіктер берілуде. Кезінде мемлекеттің қаржысын талан тараж етті деп, түрмеге тоғытылған талай шенеуніктің шартты түрде бостандыққа шығып жатқаны сол сөзімізге дәлел. Ал енді қарапайым халыққа келгенде қайырым емес, қаталдық танытуға асығамыз?
Бұл жерде біз салымшы болған азаматтардың алдануына бүтіндей мемлекет кінәлі деп айтудан аулақпыз. «Қарыз алар кезде қол кідірмейді, берер кезде дірілдейді» дегенді әрбіріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан да әрбір адам біреуге ақша бермес бұрын да, алмас бұрын да «жеті рет өлшеп, бір рет кесуі» керек еді. Бірақ бір емес, мыңдаған адамды орға жыққан алаяқ компаниялардан зардап шеккендерге сот үкімі шыққанға дейін, банктегі несиесіне қатысты жеңілдік жасалуына биліктегілер ықпал етсе барымыз жоғалып қалмас еді.
Дегенмен де олжа табу оңай жолмен келмейтінін кеш түсінгендердің бұл жанайқайы былайғы жұрт үшін де сабақ болуы тиіс.