ЖЕР ҚОЙНАУЫН ЖӨНСІЗ ПАЙДАЛАНАТЫНДАР ЖЕТЕРЛІК
Түркістан облысы жер инспекциясы басқармасының басшысы Қанат Мылтықбаев ағымдағы жылдың тоғыз айында атқарған жұмысының есебін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке баяндады. Есепті мерзімде басқарма облыстағы жер қойнауын түгендеу жұмыстары кезінде көп кемшілікті көзбен көріп, қағазға түсірген. Сорақысы, анықталған заңсыздықтар жетерлік.
Мәселен, түгендеу жұмыстары кезінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 45,5 мың жер телімінің пайдаланылмай отырғаны анықталған. Өңірде 69 жер иелері 17,9 мың га жер телімін өз еріктерімен мемлекет меншігіне қайтарса, 94 жер иелері 18,8 мың га жерді қайта игеріп, ырыздық алуға кіріскен. Бүгінде Арыс қаласы мен Жетісай ауданы әкімдіктері тарапынан 8,8 мың га жерді мемлекет меншігіне қайтару іс-шаралары жүргізілуде.
Жерлердің нысаналы мақсатына сай пайдаланылып жатқанын анықтау мақсатында жүргізілген түгендеу жұмыстары кезінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 874,5 га аумаққа құрылыс жүргізіліп, заң талаптары бұзылғаны белгілі болған. Соған сәйкес егістік жерді құрылыс алаңына айналдырған жер телімдерінің 39 иесіне 364,9 мың теңге айыппұл төлету жөнінде шешім қабылданған.
Есепті мерзімде облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді заңсыз иеленгендер де тіркелді. Осы бағытта 139,9 га жердің иелеріне 431,5 мың теңге айыппұл салынған.
Облыс аумағындағы Сарыағаш, Келес, Бәйдібек, Отырар аудандары мен Арыс қаласы және т.б аумақтардағы жайылым, егістік аумақтардың шекарасына заңсыз ор қазып (траншея) қоршаған 216 жер иесі анықталды. Ор қазылып, қоршалған жер телімдерінің көлемі — 57,1 мың гектарға жетеді. Нәтижесінде 55 адамға 1 млн. 735 мың теңге айыппұл салынып, өндірілді. Жеріне ор қазып, қауіпті жағдай туындатқан 66 тұрғын қазған жерлерін қайта қалпына келтірді.
Тиісті мониторинг нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 803 га жерден заңсыз құм, тас өндіргендер анықталған. Өңірдің экологиясына зиянын тигізіп, заңсыз жер қойнауын пайдалану бойынша Сайрам ауданы мен Арыс қаласындағы 16 кәсіпкерге 2 683,6 мың теңге айыппұл салынған. Алаңы 201,3 га болатын 14 жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару жөнінде сотқа талап-арыздар беріліп, 3-еуі қанағаттандырылған. Одан өзге Келес өзенінің бойында жер қойнауын заңсыз пайдаланып жатқан 4 драглайн техникасы анықталып, айыптұраққа жеткізілген. Сонымен бірге Сайрам ауданы аумағында жер заңнамасын бұза отырып шлакаблок өндіріп жатқан 23 жер анықталып, тиісті азаматтарға әкімшілік айыппұл салынған.
«Уақыт».