ҮКІМЕТ ЖҰМЫССЫЗДАР ҮМІТІН АҚТАДЫ…
Биыл қазынадан қанша қаржы қаралса да азық-түлік бағасы мың құбылып, қымбаттауын тоқтатпады. Бәрін бақылауда ұстап тұрамыз деген Үкіметтің уәдесі құр сөз екеніне халық әбден көз жеткізді. Пандемия жағдайында аурудың таралуы өршіген кезде халықтың билікке алғыс айтуынан гөрі, сын айтуы көп болды. Егістік басталған уақыт пен күздік жиын-терім кезінде жанар-жағармай бағасының қымбаттауын да тоқтата алмай жүрген Үкіметке халық тарапынан айтылып жүрген реніш көп. Бірақ «көрмес, түйені де көрместің» керін киіп алған Үкімет селт етер емес. Тіпті өздерінің атқарып жүрген жұмыстарына көңілі толатындарын айтып, өзін өзі мақтаған өгіз тентектің сойылын соғып жүр десек те болады.
Осы аптада «Үкімет қашан отставкаға кетеді?» деген журналистер сұрағына вице-премьер Ералы Тоғжанов «Жұмыспен қамтуға байланысты жоспардың толық орындалуын көрдіңіздер. Эпидахуалға қатысты жағдайдың бәрін көріп жатсыздар. Сондықтан Құдайға шүкір. Мұны жасалынып жатқан үлкен жұмыстардың нақты нәтижесі деп қарастыру керек. Оның бағасын Президент береді, халық береді»,- деп жауап берді.
Осылайша өткен аптада журналистерден қаша жөнелген Үкімет басшысы Асқар Маминнің орынбасары жанар-жағармай, азық-түлік пен тұрғын үй құнының тоқтаусыз өсуін жылы жауып, жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыс атқарып жатырмыз деп айды аспанға бір-ақ шығарды.
Қазақстанда өзекті мәселе өте көп. Соның бірі жалақының төмендігі болса, енді бірі сол төмен жалақы алуға жете алмай жүрген жұмыссыз жандардың көптігі.
Осы ретте мына деректерді келтіре кетейікші. Сарапшылардың зерттеуіне сәйкес осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанда жұмыссыз жандардың саны 451,3 мың адамға жетіп, 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,8-ден 4,9 пайызға дейін көбейген.
Ағымдағы жылдың сәуір айында Үкімет биылдың өзінде 1 млн 200 адамның жұмысқа орналасуына жәрдем беретінін мәлімдеген. Оның ішінде 700 мың адамды «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен, 32 мың адамды жұмыспен қамту жол картасымен, 440 мың адамды басқа да мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмысқа орналастыру жоспарланған. Үкіметтегілердің сөзінше, ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жалпы саны 1 миллионға жуық адам жұмыспен қамтылып, жоспар өз деңгейінде орындалу үстінде екен.
Ал Еуразиялық экономикалық комиссияның статистика департаментінің осы айдағы деректері бойынша Қазақстанда жұмыспен қамту органдарында тіркелген жұмыссыздардың саны 2020 жылдың тамыз айынан 2021 жылғы тамызға дейінгі аралықта 1,6 пайызға өсіп, 226,6 мың адамды немесе жұмыс күшінің 2,4 пайызын құрайтыны туралы деректі жариялады. Осылайша Қазақстанда тіркелген жұмыссыздық деңгейі Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында ең жоғарғы көрсеткішті көрсеткен.
Ал Тоғжановтың сөзі болса жұмыспен қамту бойынша бәрін қатырып отырмыз дегенге саяды. Бірақ биліктегілердің мұндай мәлімдемесі әрдайым шын бола бермейді. Олай дейтінімізге не себеп? Естеріңізде болса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықты жұмыспен қамту бағыты бойынша өткен жылда атқарылған жұмыстарға баға берген болатын. Сол кезде Президент халықты жұмыспен қамту бойынша берілген есеп пен жасалған жұмыстардың арасында айтарлықтай айырмашылық бар екенін ашып айтқан еді. Президенттің сөзінше ондаған, жүздеген мың жұмыс орындарының ашылғаны туралы мәліметтерді тексеру кезінде айырмашылықтар болған. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Кемелұлы «Азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отыр. Бірыңғай ақпараттық жүйеге бір адам туралы мәлімет қайта-қайта енгізіледі. Дәл осындай 15 мың жағдай тіркелген. Жұмысқа орналасты деген адамдардың үштен бірі зейнетақы қорына қаржы аудармаған болып шықты» деп атқамінерлердің шикі тірлігін әшкере қылған еді.
Осыдан кейін Ералы Тоғажановың Үкіметтің жұмыспен қамтуға байланысты жоспарды толық орындады деген мәлімдемесі дәл айтылған дерек деп қалай айта аламыз?
Естеріңізде ме? Осыдан біраз бұрын Үкімет басшысы Асқар Мамин қазақстандықтардың 99 пайызы интернетпен қамтылған деп айды аспанға бір-ақ шығарған жоқ па? Маминнің бұл мәлімдемесі шын болса еліміздегі бас партия өзінің сайлауалды бағдарламасында 2025 жылға дейін өңірлерде сапалы интернетке халықтың қол жеткізуін 100 пайызға жеткіземіз деп уәде бермес еді ғой…Үкіметте отырғандар өтірікті шындай айтудың шебері болып алған ба қалай өзі…
С.ИБРАГИМОВА.