КИІЗ БАСУ ӨНЕРІ – КӨШПЕНДІЛЕР МҰРАСЫ
Дәл осындай атаумен Түркістан облысы, Сауран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен әжелер арасына киіз басудан жарыс өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткен шараға аудандағы Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтерінен келген әжелер бақ сынады.
Олар үш топқа бөлініп, жиналған қауымға киіз басудың қыр-сырын сөзбен айтып қана қоймай, қолмен түсіндірді. Көрермендер үшін дәстүрлі қазақ қоғамында кең тараған асыл өнерді тамашалау қызықты болды. Қатысушылардың қолынан шыққан қызылды жасылды ою-өрнекпен өрнектелген киіздердің барлығы жылуы мен сұлуы үйлескен өнім болды. Сондықтан да жүлдегерлерді анықтау қиынға соқты.
Байқау қорытындысы бойынша «Ең үздік қолөнер шебері» номинациясын «Дария толқын» әжелер тобы иемденсе, «Шебердің қолы алтын» номинациясы «Асыл әжелер» тобына бұйырды. «Асыл қазына әжелер» құрамасы «Өнерлі де, өнегелі әже» номинациясына қол жеткізсе, «Көрермен көзайымы» сыйлығы Бабайқорған ауылдық округі, Абай ауылынан келген Абдулаева Анаркүл мен Ескі Иқан ауылының шебері Усманова Карамхон әжелерге табысталды.