КӨЛІК АЛУШЫЛАР КӨБЕЙІП, МАС ЖҮРГІЗУШІЛЕР АЗАЙМАЙ ОТЫР
Жыл басынан бері ресми дилерлер 86 мыңнан астам автомобиль өткізген. Бұл туралы осы аптада «ҚазАвтоӨнеркәсіп» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасының орынбасары Артур Мискарян Telegram каналында жазды.
Бірлестік өкілі елде тапшылық пен бағаның өсуіне қарамастан темір тұлпарға деген сұраныс азаймай отырғанын айтады. Мысалы, өткен қыркүйек айында қазақстандықтар автосалондардан 10517 техниканы (жеңіл автокөлік, автобус, жүк көлігі, арнайы техника) сатып алған. Бұл 2020 жылдың қыркүйек айындағы көрсеткіштен 12 пайызға көп.
Ресми дилерлер арқылы сатып алынған 86 мың темір тұлпарды ішінде ең көп таңдалғаны Chevrolet маркалы көліктер екен. Осы жылдың 9 айында аталған маркалы автокөліктің 22 383-і сатылған. Алғашқы ТОП-5 брендтің қатарына Chevrolet-тен кейін Hyundai (17 576), Toyota (10 404), KIA (6 993), LADA (5 660 көлік) еніп отыр.
Сұраныс тұрақты болғанмен әлемдік автокөлік нарығындағы ұсыныс тапшылығы көліктің бағасына, ал әлемдік логистикалық проблемалар өндірушілер мен дилерлердің өз міндеттемесін дер кезінде орындауға кері әсерін тигізуде екен. Нәтижесінде ресми дилерлер арқылы көлік сатып алғандар автокөліктерін автосалонмен келісім шартқа отырғаннан кейін 3-6 ай ішінде тізгіндей алады.
Бірақ көлік сатып алуды көздегендер бұл кедергілерге бас ауыртпайтын сияқты. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ресми дилерлер арқылы сатылған көліктердің 36 пайызға көп болуы соған дәлел.
Сонымен қатар жыл басынан бері көлік басқару құқығынан айырылғандар да жетерлік.
ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов жыл басынан бері 2700 азамат өмір бойына көлік жүргізу куәліктерінен айырылғанын мәлімдеді.
Комитет өкілі ең көп бұзылатын жол қозғалысы ережелерінің бірі – жылдамдықты асыру екенін атап өтті. Жыл басынан бері барлық жол қозғалысы ережелерін бұзудың 37 пайызы жылдамдықты асыру болып табылған. Одан кейінгі орында 26 пайыздық көрсеткішпен белгілер мен таңбалар талаптарының бұзылуы болып табылады. Сонымен қатар көлік құралдарын пайдалану, сыртқы жарық құралдарын пайдалану, қауіпсіздік белдіктерін пайдалану, көлік құралдарын тоқтату немесе қою, жаяу жүргіншілердің жүру, жол қиылыстарынан өту ережелерін сақтамау белең алған.
Сондай-ақ жыл басынан бері сақшылар жүргізушілердің көлікті мас күйінде басқаруының 18 мың фактісін анықтаған. Өз сөзінде Серік Түсіпов көлікті мас күйінде басқарғандар үшін заң талаптары қатаңдатылғанмен, жол-көлік ережелерін өрескел бұзудың бұл түрі тиылмай отырғанын айтты.