ҚАЙТА ВАКЦИНАЛАУ КІМДЕРГЕ ҚАЖЕТ?

Қазақстанда ревакцинация мерзімі белгілі болды. Реквакцинация қараша айының үшінші онкүндігінде басталады. Коронавирусқа қарсы вакцина салдыру шарасының яғни, препараттың бірінші және екінші бөлігін алған азаматтардың 6-9 айдан соң қосымша дозаны қабылдау (ревакцинация) мерзімінің басталуы осы уақытқа дөп түседі.

Тиісті жоспарды еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанның халқын иммундау жөніндегі консультациялық комиссиямен бірге әзірлеген.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халықты қайта вакциналаудың тәсілдерін түсіндірді. Оның сөзінше, қайта вакциналау кезінде азаматтар бірінші қабылдаған екпесін ала алмайды. Мысалы, коронавирусқа қарсы векторлы (Спутник V) вакцина салдырғандар 9 айдан кейін инактивті екпе салдырады. Ал инактивті (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) вакцина алған тұлғалар 6 айдан кейін векторлы препаратты қабылдайды.

Ревакцинация азаматтардың қалауы бойынша жүргізіледі. Дегенмен де еліміздің бас дәрігері Алексей Цой азаматтардың бойындағы антиденелердің деңгейі төмендесе вакцинаның үшінші дозасын қабылдауды ұсынады. Сонымен қатар ол, ревакцинация кезінде коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші дозасын барлығы қабылдау қажет емес екенін ескертеді. Тек антиденелері төмендеген азаматтар мен медицина қызметкерлері, педагогтар, құқық қорғау қызметкерлерін ревакциналауға екпін түсірілетінін алға тартады.

Вакцинаның үшінші дозасын қабылдамаған азаматтар үшін шектеулер болмайды. Еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов коронавирусқа қарсы екпенің бірінші және екінші бөлігін қабылдаған азаматтар үшін қосымша шектеулер мен санкциялар болмайтынын мәлімдеді.

Бүгінде қайта вакциналаудан өтетін азаматтар үшін екпенің Pfizer түрі қолжетімді болады ма деген сұрақ көптің көкейінде жүр. Бұл сұраққа Еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Pfizer вакцинасы бірінші кезекте 12 жастан асқан балалар мен жүкті әйелдерге салынатынын атап өтті.

Айта кетейік, елімізге Pfizer вакцинасының 4 млн дозасы жеткізіледі деп күтілуде. Препараттар ең әуелі 12 жастан асқан балалар, жүкті және бала емізетін әйелдерге салынады. Естеріңізге болса бұған дейін еліміздің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова Pfizer вакцинасынан 4 млн доза сатып алудың себебін түсіндірген еді. Ол елімізде келісімі болған кезде вакцина ала алатын 12 мен18 жастағы балалар саны 1 млн. 700 мың екенін, ал жылына 400 мыңнан астам әйел босанатынын, осы сандарды қосу арқылы аталған санатқа қажетті екпенің дозасы есептелгенін тілге тиек еткен.