БЕЛАРУСТЫҚ БІЛІКТІ ДӘРІГЕР ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСТІ
Түркістанға Беларусь Республикасының денсаулық сақтау үздігі, буын патологиясы және спорттық жарақат зертханасының меңгерушісі, жоғары санатты травматолог-ортопед Александр Мурзич арнайы сапармен келді. Медицина ғылымдарының кандидаты, білікті маман Түркістан облысының облыстық клиникалық ауруханасының ортопедия бөлімшесінде жергілікті дәрігерлерге шеберлік сағатын өткізді.
Қолы шипалы дәрігер әріптестеріне «Жамбас сүйектерінің сынықтарын хирургиялық емдеу» тақырыбы бойынша құнды кеңестер беріп, толысқан тәжірибесімен бөлісті. Шетелдік маман теория жүзінде кеңес беріп қана қоймады. Ол науқастардың жамбас сүйектеріне металл конструкцияларын қолдану бойынша күрделі екі отаға қатысып, түркістандық дәрігерлерге емдеудің заманауи тәсілдерін үйретті.