МҰРАТ ЖОЛДЫХОЖАЕВ: «ЖОЛДАУДА КӨРСЕТІЛГЕН БАРЛЫҚ МІНДЕТТЕРДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ҮШІН ЖҰМЫЛА ЖҰМЫС ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК»

Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде еліміз толағай табыстарға қол жеткізді. Қоғамның сан түрлі саласы дамыды. Атымызды әлем білді. Айтулы додаларда жарқын жеңістерімізбен жаһан жұртының назарына іліктік. Тізе берсек көп, айта берсек шегі жоқ. Дегенмен уақыт бір орында тұрмайды. Әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп барады. Сондықтан алды әлем алпауыттарынан бастап елінің болашағына айрықша назар аударып отыр. Осы тұста кемел келешектің кілті жастар екеніне айрықша тоқталғым келеді. Мұны ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та әр сөзіне тиек етіп келеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та жиі айтады.

 

Рас, бүгінде жастар белсенді жұмыс істеп келеді. Спорт пен мәдениет, медицина мен білім саласында өтетін сан түрлі додаларда оза шауып, елдің мерейін үстем етіп жүрген жастарды жұрт жақсы біледі. Мемлекетіміз де жастардың жан-жақты болуы үшін барлық мүмкіндікті жасап келеді. Айқын айғақ ретінде ағымдағы жылдың қыркүйек айында жарияланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын айтуға болады. Маңызды құжат жастардың талантын ұштап, талмай еңбек етуіне үлкен мотивация берді.


Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда «Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы» деп атап өтті. Сөз жоқ, бүгінде кез келген салада жетістікке жетуді қалайтын әр азаматқа мүмкіндік бар. Дарынымен ерекшеленіп, қабілетімен көпті тәнті етіп жүрген жастар – мұның дәлелі. Әрбір жас еліміздің ертеңіне нық сеніммен қарайды. Себебі бойындағы қаннан берілген қабілет пен тереңнен бастау алып жатқан тектілігіне сенеді. Бейбіт өмір мен тұрақтылық, ынтымақ пен ырыс өскелең ұрпақтың қалаған елінде білім алып, жүрегіне жақын мамандықты толық меңгеруіне мүмкіндік беріп отыр. Бұл – Тәуелсіздіктің басты игілігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда атап өткен маңызды мәселелердің шешілуі мен алға қойылған міндеттердің жүзеге асуында жастар жетекші рөл атқарады. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы саласында түйткілді түйін көп. Медицина саласын дамытудың да маңызы айрықша. Білім саласында да жастар атқаратын іс пен бағындыратын белес жетерлік. Ел үшін ерен еңбек сіңіріп жүрген жастардың барын да жоққа шығармаймыз. Мәселен, пандемия кезінде өз өмірін бәйгеге тігіп, ел тұрғындарының амандығы үшін аянбай тер төккен азаматтардың алдыңғы сапында жастар жүрді. Арыс пен Мақтааралдағы апатта да әуелгілерден болып бас қосып, жұмыла жұмыс істеді. Бұл – алдыңғы буын салып берген сара жолдың жалғасы. Жастар жауапкершілік жүгін жақсы түсінеді. Сондықтан ауылшаруашылығы саласындағы білікті кадрлардың сапын толтыратын да, медицина саласы бойынша елімізді әлемдік деңгейде танытатын да, білімімен биікті бағындыратын да – жастар. Мұны Президентіміз де жіті түсінеді. Әр сөзіне тұздық етіп отыратыны да сондықтан…
Маңызды құжатта мемлекет басшысы «Биыл бірнеше оқушы халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Ондай дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет. Біз оларға жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар береміз. Бір реттік ақшалай сыйақы да төлейміз. Балалардың ұстаздарын да моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандырған жөн. Тұрмысы төмен отбасында өсіп жатқан балаларға орта білім берудің жалпыға міндетті стандарты аясында қолдау көрсету айрықша маңызды» деп атап өтті. Бұл да – өскелең ұрпақтың ел тағдырындағы маңызды рөлін айшықтайды. Егемендік алған 30 жыл ішінде еліміздің білім саласы біраз биікке көтерілді. Әлем алпауыттарының дарынды балалары белдесетін білім додаларында талай жас оза шауып, мерейімізді үстем етті. Ал оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау қабілетті жастардың қарқынын артыра түсетіні сөзсіз. Бұдан бөлек, тұрмысы төмен отбасында өсіп жатқан балаларға берілетін мүмкіндік білім саласындағы бәсекені күшейтеді. Білікті кадрлардың қоғамның сан түрлі саласын дамытуына сеп болады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда «Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін» деп нақты тапсырма берді. Ал сол салынатын мектептердің құрылыс сапасын тексеру мен бақылау – халық қалаулыларына жүктелген жауапты іс деп білемін. Өңірімізге келсек, Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2021-2025 жылдарға арналған Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдаламасын жүзеге асырудың Жол картасына жаңа және қайта жөндеуден өтетін 66 мектеп кірген болатын. Биыл 25 жаңа мектептің құрылысы жүріп, пайдалануға берілді. Пайдалануға берілген мектептердің құрылысы Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары тарапынан бақыланып отырғанын да тілге тиек ете кеткен жөн. Сапасына қатысты сын дер кезінде орындалды. Алдағы уақытта да білім мекемелерінің құрылысы мен жөндеу жұмыстары халық қалаулылары тарапынан үздіксіз бақыланып отырады. Бұл – маңызды іс. Себебі мектептерде әрбір жастың дарынын ашып, қабілетін ұштауға мүмкіндік беретін барлық жағдай жасалуы тиіс. Сонда ғана бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеп шыға аламыз.


Бұдан бөлек, биыл өңірімізде 115 спорт алаңы пайдалануға берілді. Спорт – адамның тәнімен қоса жанының да көркем болуына ықпал етеді. Спортпен шұғылданған адамның саулығы жақсарады. Ал ұлттың сапалық көрсеткіші – халықтың денсаулығына тікелей байланысты. Бұл тұрғыдан алғанда, Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2021-2025 жылдарға арналған Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдаламасында көрсетілген міндеттер артығымен орындалып жатыр. Халық қалаулысы ретінде жастарды спортқа тарту бағытында да бірқатар бастамаларды қолға алып жатырмыз. Өңірлерде спорт кешендерінің салынуына демеушілік етіп, балалардың спортпен шұғылдануына барынша мүмкіндік жасаудамын.
Кәсіпкерлер де спорт кешендерінің салынуына ықпал етіп, демеушілік жасаса, құба-құп болар еді. Бұл игі іс ауылдардағы талай талапты да талантты жастардың танылуына мүмкіндік береді. Олимпиада чемпиондарының дені ауылдан шыққанын жақсы білеміз. Сондықтан мемлекет тарапынан салынатын спорт кешендеріне қарап қалмай, қолда бар мүмкіндік негізінде әрекет ету керек. Сонда ғана жаңа спорт жұлдыздарын жағып қана қоймай, еліміздегі спорт саласының дамуына да сеп болар едік.
Жастар арасындағы өзекті де өткір мәселенің бірі – тұрғын үй. Аталған түйткілді түйін, әсіресе жас отбасыларға көптеп қиындық туғызуда. Сондықтан пәтер жағалаған жастарды жиі көреміз. Үй сатып алуға баршаның бірдей мүмкіндігі тағы жоқ. Осыған қатысты мемлекет басшысы маңызды құжатта «Баспана хит» және «7-20-25» сияқты тұрғын үй бағдарламаларының мерзімі таяу арада аяқталады. Сонымен қатар нарықтық ипотека ставкасы әлі де жоғары және жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес. Осыған орай, бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетін болады… Мен бұған дейін зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастаманың оң әсері туралы айттым. Сондай-ақ бұл қадам адамдардың жұмыс берушілерден еңбекақыны ашық төлеуді талап етуіне жол ашты. Осы үрдісті қолдау үшін зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын-үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіндегі» есепшотқа аударуға рұқсат беру қажет деп санаймын» деп атап өткен болатын. Бұл да жастар күткен маңызды міндеттердің бірі болды. Алдағы уақытта қоныстойын тойлайтын жастардың саны артатынына сенімім мол.
Қорыта келсек, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының ағымдағы жылдың қыркүйек айында жариялаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында жастардың мәселесін шешіп, мүмкіндігін жан-жақты пайдалануына ықпал ететін барлық бастамалар көтерілді. Жастардың ғана емес, жалпы қоғамның күткенін тап басатын маңызды міндеттер айтылды. Енді ел азаматы ретінде маңызды құжатта көрсетілген барлық міндеттерді атқару үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, еліміздің абыройы асқақ болсын!

Мұрат ЖОЛДЫХОЖАЕВ,
Шымкент қаласы мәслихатының
депутаты.