ҮКІМЕТ ҚОРДАҒЫ АҚШАНЫ ӨСІРЕ МЕ ӘЛДЕ ӨШІРЕ МЕ?

Осы аптада Үкімет пен Мәжілістің бірлескен отырысы өтіп, онда Ұлттық қордан бюджетке 6,6 трлн теңге аудару туралы Заң жобасы қаралды. Заң жобасын депутаттар екі сөзге келмей қабылдады. Сенатқа жолданған құжатқа сәйкес, қордан алынатын 6,6 трлн теңге қатарынан үш жыл зейнетақы төлеуге аударылады. 2022 жылы-2,4 трлн. теңге, 2023 жылы-2,2 трлн теңге, 2024 жылы-2,0 трлн теңге.

 

Естеріңізде болса, Ұлттық қор 2000 жылы сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен құрылған болатын. Сол кезде Президент қордағы ақша келешек үшін сақталып, тек қысылған шақта ғана жаратылуы қажеттігін қатаң ескерткен. Бірақ Үкімет қит етсе қордағы қаржыға иек артып, оған қол салуды 2014 жылдан бері әдетке айналдырып алғандай. Себебі дәл осы 2014 жылға дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қордағы қаржыны бей берекет қозғамау туралы пәрмені орындалып келді. Қордың активі сол жылға дейін тек өсім көрсетіп, жиналған қаржы 77,2 млрд долларға дейін жетті. Осылайша сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлттық қордағы қаржы 2020 жылға дейін 90 млрд долларға жетеді деген болжамы орындалатындай болып сезілген. Алайда бұдан кейінгі жылдардан бастап Ұлттық қордың активі жыл сайын өсіп емес, керісінше кеміп жатыр. Қордағы қаржының біразы тығырыққа тірелген екінші деңгейлі банктердің еңсесін көтеруге бағытталып отырды. Осылайша 2020 жылы қордағы қаржы 90 млрд доллар емес, 58,2 млрд доллар көрсеткіште болды.
Өткен жылдың өзінде Ұлттық қордан республикалық бюджетке 6 трлн теңге бағытталды. Кең пішіліп алынған қаржы бюджет бағдарламаларын орындауға жұмсалған.
Біраз азаматтар қордағы ақшаның сарқылып бара жатқанына бей-жай қарап отырмай, дабыл қағуда. Мысалы, былтыр Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Үкімет пен Ұлттық банк төрағасына қордағы ақшаға алақан жаю бүгінгідей жалғаса бесе, жиғанымыз 4-5 жылда түгесіліп қалуы мүмкін екенін ескерткен. Ол бұл үшін шығындарды барынша есептеп, қысқартуға тырысу қажеттігін айтқан.
Соған қарамастан Үкімет республикалық бюджеттің «жыртығын» қор есебінен жамауды доғармай отыр. Бұдан «Үкімет қордағы ақшаны өсіре ме әлде өшіре ме?» деген сұраққа жауап айту да қиын сияқты…

 

Айтпақшы, республикалық бюджетке қордан 6,6 трлн теңге аудару туралы заң жобасы қаралған жиынға Үкімет басшысы Асқар Маминнің қатысқаны белгілі. Премьер-Министр бір жарым жылдан аса уақыттан соң Парламентке оффлайн ақпарат таратуға келген журналистердің «Үкімет пандемиямен күресті өз деңгейінде орындай алды ма? Отставкаға кететін уақыт келді деп ойламайсыз ба?» деген сұрақтарына жауап беру былай тұрсын, назарын да аудармады. Оның бұл әрекеті желіге тез тарап, қоғам назарына ілікті. Көпшілігі Маминнің журналистерді соңынан жүгіртіп қоюы әбестік болғанын ашық айтуда. Ал қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан болса журналистер халықтың көзі, құлағы һәм тілі екенін, ал шенеуніктің журналистерді сыйламауы, қойған сұрақтарына жауап беруден жалтарып, қашуы оның азаматтық қоғамды сыйламайтынын немесе одан қорқатынын білдіреді деп санайтынын ашық жазады.