ҚАРАШӨКЕЕВ ҚАШАНҒЫ ҚЫМБАТШЫЛЫҚТЫ ТАПШЫЛЫҚПЕН, ТАПШЫЛЫҚТЫ ҚУАҢШЫЛЫҚПЕН БАЙЛАНЫСТЫРАДЫ?

Елімізде нан бағасы жыл сайын қымбаттап бара жатыр. Қазақстан әлем бойынша астық экспорттауда үздік он елдің қатарына кірсе де, қамбасы бай, егістігі мол аграрлық ел болса да ас атасы нан бағасын қымбатшылықтың құрсауынан шығара алмай отыр. Ал осы жазда елдегі құрғақшылық пен жұттан шығар жол таба алмаған Сапархан Омаровтың жұмсақ креслосына Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалған Ербол Қарашөкеев болса жұрттың көңіліне үміт емес, алаң сыйлайтын болжам жасаудан жалығар емес.

Бұған дейін де айтылғандай биыл елімізде қамбаға бастырылған астық көлемі жылдағыдай емес. Бірнеше есеге аз болуы мүмкін. Мысалы, былтыр қамбамыз дәнді және дәнді бұршақты дақылдар бойынша 20 миллион тоннадан астам өнімге толса, биыл бұл көрсеткіш 16 миллион тонна көлемінде болады деп күтілуде. Бұл дәнді дақыл өнімдері бағасының қымбаттауына ықпал етуі әбден мүмкін. Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жиналған астық жылдағыдан аз болуына қарамастан, өндірілген өнім ішкі сұранысты қанағаттандыруға жететінін нық сеніммен айтты. Ал бағаның өсуін министр астық пен өңделген ұнның экспорттық тауар екенін, соған сәйкес оның құны әлемдік баға конъюнктурасына байланысты екендігімен түсіндірді.
Одан өзге ведомства басшысы бидай бағасының өсуі шаруалардың шығынын жауып қана қоймай, қаржылық жағдайын жақсартуға оң ықпал ететін фактор екенін айтып қалды. Бидай бағасының өсуі фермерлердің қалтасын қалыңдатқанмен, халықтың қалтасын қағатынына министр мырза аса қатты бас қатыра қоймайтын сияқты.
Бірақ министр әлеуметтік нан бағасын өсірмеудің барлық амалы жасалып жатқанын айтты. Ербол Қарашөкеевтің сөзінше, әлеуметтік санаттағы бірінші сұрыпты ұннан дайындалатын салмағы 550 гр бөлке нанның бағасын байлап-матап ұстау үшін Азық-түлік корпорацияларының әлеуметтік нан өндіретін кәсіпорындар үшін мемлекеттік резервтегі 680 мың тонна арзан бидайды форвордты сатып алуы есебінен алуы жоспарланған. Қазірдің өзінде жоспарланған өнімнің 60 пайызы форвордты сатып алу бойынша корпорацияларға жеткізілген.
Үкімет әлеуметік нан бағасының құнын өсірмейміз деп уәде беріп отырғанмен, елімізде нан өндірісі жыл сайын азайып, бағасы қымбаттап бара жатыр. Ас атасы әсіресе Нұр-Сұлтан қаласы (12,2 пайыз) мен Солтүстік Қазақстан (9,6 пайыз), Ақмола облыстарында (9,5 пайыз) айтырлықтай қымбаттаған. Наубайханашылар нан бағасының өсуін ұннан бастап, оны дайындауға қажетті барлық шикізат құнының көтерілуімен түсіндіреді.
Energyprom сарапшылары болса соңғы сегіз айда елімізде нан өндірісі көлемі 353 мың тоннаны құрағанын, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17,9 пайызға азайғанын анықтаған. Ал есепті мерзімде елімізде ең көп нан өндірілген аймақ Түркістан облысы екен. Аталған облыста осы жылдың сегіз айында 89 мың тонна нан шығарылған. Ең көп тұтынатын тауарды өндіруден екінші орында 41 мың тонна көрсеткішпен Алматы қаласы тұр. Ал Ақтөбе облысында 34 мың тонна нан өндірілген. Өндіріс көлемі азайғанмен өнім бағасы қымбатаған. Мысалы, осы жылдың тоғыз айында қара бидай ұнынан жасалған нанның бағасы өткен жылмен салыстырғанда 9,9 пайызға, жоғары сұрыпты ұннан пісірілген нан 7,8, ал бірінші сұрыпты ұнның наны 5 пайызға дейін қымбаттаған. Осылайша нан құнының жылдық өсуі 11,6 пайызды құрап отыр.
Ал антимонополия мамандары нан бағасы жыл соңына дейін әлі де көтерілетінін айтып отыр.
Айтпақшы, кезінде ауыл шаруашылығы саласын алға жылжытады деген үмітпен тағайындалған Ербол Қарашөкеев нарықта ет бағасы шамалы өсуі мүмкін екенін айтып қалды. Министр мұны жем мен шөп бағасының өсуімен байланыстырды. Ал оған дейін ол жем-шөп бағасының өсуін биылғы қуаңшылықпен байланыстырған.
Осылайша Ауыл шаруашылығы министрі қызметіне кіріскеніне бірнеше ай өтсе де Қарашөкеев қымбатшылықты тапшылықпен, тапшылықты биылғы қуаңшылықпен байланыстырудың шебері болудан әрі аса алмай отыр. Ауыл шаруашылығы министрі болған кезінде Сапархан Омаровта қит етсе осындай сылтауды алға тартатын. Бірақ Сапархан Омаров қуаңшылықтың болатынын ерте көктемде ақ шыр-пыр болып жеткізген шаруалардың жанайқайына басын ауыртпаған. Оның салдары қандай болғаны көзі қарақты оқырманға белгілі. Іс насырға шапқанына бұдан әрі қарап отыра беруге шыдамы таусылған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 10-шілдеде Сапархан Омаровты отствакаға кетіру туралы шешім шығарған еді. Президент бұл шешімін Үкіметтің кеңейтілген отырысы кезінде «ауа райының қолайсыздығымен қоса болжам жасау жұмысының тиімсіздігінен ахуал ушығып кеткен. Әкімдіктер мен ауыл шаруашылығы министрлігі дұрыс шешім қабылдамай, жүйелі әрі нақты жұмыс атқармаған, соның кесірінен шаруалар тығырыққа тірелген» деп түсіндірген болатын.
Омаровтың орнын басқан, әзірге нақты ісінен гөрі, сөзі көп Қарашөкеевтің Президенттен алатын бағасы қандай болатыны әзірге белгісіз.

С. НҰРАЙ.